Путин Қазақстанға келуі мүмкін
Ресей президенті Владимир Путин биыл Қазақстанға сапармен келеді деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Алексей Бородавкин 2025 жылы қарашада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жасаған сапары «екі ел арасындағы ерекше достық қарым-қатынас аясында» өткенін еске салды.
Елшінің айтуынша, Кремльдегі екі ел басшысының кездесуі бейресми форматта ұйымдастырылған.
«Үш сағат бойы жеке-дара, Кремльдегі президентіміздің пәтерінде жабық жағдайда әңгімелесті. Сапардың жалпы атмосферасы айрықша жылы әрі достық сипатта өтті», – деді Бородавкин.
Сондай-ақ елші биыл Ресей президенті жауап ретінде Қазақстанға сапармен келуі мүмкін екенін айтты.
«Биыл президентіміздің сапары жоспарланып отыр. Нақты күндері әлі белгіленген жоқ, бірақ мұндай сапар болады. Басшыларымыздың алдында есеп беретін мәселелер жеткілікті деп ойлаймын», – деді ол.
Еске сала кетейік, Тоқаев 2025 жылы қараша айында Ресейге мемлекеттік сапармен барған болатын.
Соңғы жаңалықтар