Путин Қазақстанмен қару-жарақ тасу келісімін қайта қарамақ
Ресей президенті Владимир Путин үкіметке Қазақстан және Өзбекстанмен әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімдерді жаңарту бойынша келіссөздерді бастауға рұқсат берді, деп хабарлайды Politico.kz.
27 шілдеде қол қойылып, ресми құқықтық ақпарат порталында жарияланған екі өкім 2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстанмен және 2016 жылғы 29 қарашадағы Өзбекстанмен жасалған құжаттарды өзгертуді көздейді.

Қолданыстағы шарттар ресейлік қару-жарақты сатумен қатар, екіжақты әскери өнімдерді, техниканы, технологиялар мен құжаттарды алмасуды, бірлескен өндірістер ашуды, техниканы жөндеу мен мамандарды даярлауды реттейді. Жеткізілімдер уәкілетті ұйымдар арасындағы келісімшарттар негізінде жүзеге асырылып, әскери өнімдер мен қызметтерді Мәскеуден Астана мен Ташкентке ғана емес, кері бағытта да тасымалдауға мүмкіндік береді.
Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық шарты аясында соңғы жылдары еліміз Су-30СМ жойғыш ұшақтарын, Ми-171Ш және Ми-35М тікұшақтарын, «Бук-М2Э» зениттік кешендерін, БТР-80 мен БТР-82А бронетранспортерлерін алған болатын. Сонымен қатар 2015 жылы аймақтық әуе қорғанысы жүйесі үшін бес С-300ПС кешені де берілген еді.
Келіссөз жүргізу туралы өкім Тоқаев пен Путиннің Омбыдағы кездесуінен кейін бірнеше күн өткен соң жарық көрді. Сол кезде президенттер сауда, энергетика, көлік салаларын, АЭС құрылысын және Украинадағы қақтығысты талқылағанымен, әскери саладағы әріптестікті қайта қарау туралы мәселе көпшілікке ашық айтылмаған болатын.
Соңғы жаңалықтар