Путин Украинада «уақытша басқару» енгізуді ұсынды

Ресей Президенті Владимир Путин Украинада уақытша халықаралық басқару енгізуді ұсынды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Ресей басшысының пікірінше, Украинада уақытша басқару жүйесін орнатуға БҰҰ, АҚШ және еуропалық елдер қатысуы тиіс. Ол мұндай басқарудың басты мақсаты елде демократиялық сайлаулар өткізу және жаңа сенімді үкімет құру деп түсіндірді.
«Әрине, Украинада БҰҰ-ның, АҚШ-тың, Еуропа елдерінің, сондай-ақ серіктестеріміз бен достарымыздың қатысуымен уақытша басқару енгізу мәселесін талқылауға болар еді. Бұл басқарудың мақсаты — демократиялық сайлаулар өткізу, халықтың сеніміне ие болатын, іс-әрекетке қабілетті үкімет құру. Сондай үкіметпен бейбіт келіссөздер жүргізуге болады», – деді Путин атомдық «Архангельск» сүңгуір қайығының экипажымен кездесу барысында.
Путиннің айтуынша, осылайша құрылған жаңа билік бүкіл әлем мойындайтын, заңды әрі сенімді келісімдерге қол қоюға қабілетті болады.
Бұл ұсыныс Украинада үш жылдан астам уақытқа созылған соғыс жағдайында айтылды. Сарапшылар Путиннің мәлімдемесін Ресейдің Украинадағы саяси құрылымды өзгерту жөніндегі кезекті талпынысы деп бағалауда.
Соңғы жаңалықтар





