Қала әкімі пара алғаны үшін сотталды

16.12.2025 17:09 Арман Ермеков Арман Ермеков
Қала әкімі пара алғаны үшін сотталды
0
510
Фото: әкімнің әлеуметтік желісінен

Хромтау қаласының әкімі пара алғаны үшін көп миллиондық айыппұл арқалады, деп хабарлайды Politico.kz.

Хромтау аудандық соты қала әкімі Сағындық Шабықбаев пен оның сыбайласы Нұрбек Қазбекке қатысты үкім шығарды. Шенеунік жергілікті кәсіпкерден ақша бопсалағаны үшін кінәлі деп танылып мемлекеттік қызметтен аластатылды.

Тергеу деректеріне сәйкес оқиға былтыр қазан айында басталған. Жергілікті мердігер Алтынбек Боранбаев қаладағы екі көшеде балалар мен ересектерге арналған алаңқай салуды міндетіне алады. Құрылыс жұмыстары аяқталып кемшіліктер жойылғанымен қала басшысы нысанды қабылдаудан бас тартқан. Кәсіпкер қажетті құжаттарға қол қойғызу үшін күніне бірнеше рет барғанымен әкім түрлі сылтаумен істі созбалаңға салған.

Кейін ортаға екі тарапқа да жақсы таныс ақтөбелік Нұрбек Қазбек араласады. Қала басшысы одан өзінің қатысы бар екенін білдірмей кәсіпкерден ақша алып беруді сұраған. Делдал мердігерге мәселені оң шешу үшін әкімге 400 мың теңге ал өзіне қызметі үшін 1,1 миллион теңге беруді талап еткен. Егер қаражат уақытылы берілмесе күш қолданатынын айтып қоқан-лоқы көрсеткен.

Амалы таусылған мердігер келісімін бергенімен құқық қорғау органдарына шағымданады. Жедел уәкілдер күдіктілерді ұстағанға дейін жәбірленуші оларға 700 мың теңге аударып үлгерген. Оның 400 мыңы Шабықбаевқа арналған болатын.

Сот процесі қысқартылған тәртіпте өтті және айыпталушылар кінәсін толық мойындады. Жәбірленуші делдал Нұрбек Қазбектің бопсалау әрекетіне кешіріммен қарағандықтан Қылмыстық кодекстің 194-бабы бойынша іс қысқартылды.

Істі қараған судья Бақытжан Ерлан соңғы үкімді жариялады. Сағындық Шабықбаев мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Оған пара сомасынан 30 еселенген мөлшерде айыппұл салынды. Қамауда отырған күндері ескеріліп түпкілікті төлем 11 355 151 теңгені құрады. Ал сыбайласы Нұрбек Қазбек те мемлекеттік сектордан шеттетіліп оған 11 339 424 теңге айыппұл салынды.

Айта кетейік 40 жастағы Сағындық Шабықбаев Хромтау қаласының әкімі лауазымына 2023 жылдың қыркүйек айында сайланған. Ол бұл қызметке аудан орталығы тұрғындарының тікелей дауыс беруі нәтижесінде келген еді.

1985 жылы Қостанай облысында дүниеге келген экс-әкім Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «инженер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Халыққа қызмет көрсету орталығында бастап, кейін Әйтеке би және Хромтау аудандарының әкімдігінде жауапты қызметтер атқарған. Қала басшысы болып сайланғанға дейін, 2018 жылдан бастап Хромтау ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болған.

Шенеунік биылғы қараша айының басында қамауға алынған еді. Желтоқсан айында тергеу амалдары толық аяқталып, іс сотқа жолданған болатын.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий