Қамаудағы Ерғали Аманбаевтың депутаттық мәртебесі сақталды
Шетелдік әйелге жыныстық зорлық жасады деген күдікпен қамауға алынған Ерғали Аманбаев әлі де Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты болып отыр. Алайда қамауда болғандықтан, сессиялар мен өзге отырыстарға қатысып, міндетін атқара алмайды. Бұл туралы Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының жауабына сүйеніп, Tengrinews.kz жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
Комиссияның түсіндіруінше, қылмыстық істің тергеліп жатқаны депутатты өкілеттігінен айыруға негіз болмайды. Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабына сай, адамның кінәсі заңда белгіленген тәртіппен дәлелденіп, сот үкімі күшіне енгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі.
Аманбаевтың өкілеттігін тоқтату мәселесі әзірге қаралып жатқан жоқ. Мәслихатқа бұл жөнінде өтініш түспеген, арнайы отырыс та, комиссия жиыны да өтпеген. Депутаттық әдеп мәселесі де талқыланбаған.
Бұған дейін мәслихат Аманбаевтың мәртебесін нақтылау үшін сайлау комиссиясына жүгінген. Комиссия оның алдағы мәртебесі құқық қорғау органдарының немесе соттың шешімінен кейін анықталатынын хабарлаған.
Аманбаевқа қатысты іс әйелге жыныстық зорлық жасалуы мүмкін деген ақпарат желіде тарағаннан кейін белгілі болды. Түркістан облысының полициясы тергеу басталғанын, Шымкентте тұратын күдіктінің анықталып, қамауға алынғанын мәлімдеді. Оқиғаның мән-жайын анықтау жұмысы жүріп жатыр.
БАҚ-тағы бейресми мәліметке қарағанда, полицияға 34 жастағы әйел арызданған. Ол қорғасын-мырыш кенін өндіруге қаржы салу мүмкіндігін қарастырған төрт шетелдікпен бірге Байжансай ауылына келген. Қонақтарды Аманбаев күтіп алып, бастап жүргені, кейін әйелді оңаша жерге апарып, зорлағаны туралы жазылды. Бұл мәліметтер әзірге ресми расталған жоқ.
Аманбаевтың аты 2025 жылдың тамызында да жаңалықтарға шыққан. Сол кезде Шымкентте 777 нөмірлі жол талғамайтын көліктің жол ережесін бірнеше рет бұзғаны түсірілген бейнежазба тарады. Жүргізуші қарсы бағытқа шығып, сақтандырусыз әрі қауіпсіздік белдігін тақпай көлік айдаған, тыйым салынған жерде артқа жүрген және жүрер алдында белгі бермеген.
Кейін көлікті Аманбаев басқарғаны анықталды. Сот оның Lexus көлігіне жалған мемлекеттік нөмір таққанын да анықтаған: 777 нөмірі басқа көлікке тіркелген болып шықты. Депутат төрт тәулікке қамалып, бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Партия тарапынан да сөгіс алды.
Осыдан соң облыстық сайлау комиссиясы мәслихатқа депутаттық әдеп мәселесін қарауды ұсынған. Алайда депутаттар жол ережесін бұзуды депутаттық әдепті бұзу деп санамай, Аманбаевқа әдеп ережелерін сақтау керегін ескертумен шектелген.
Соңғы жаңалықтар