Қарағанды облысында бір моланы бөлісе алмаған екі отбасы мәйітті қайта қаздырып алды

20.05.2026 11:15 Әсел Мұрат
Қарағанды облысында бір моланы бөлісе алмаған екі отбасы мәйітті қайта қаздырып алды
180
Фото: видеодан скрин

Қарағанды облысында бір жарым жыл бұрын жерленген әйелдің денесі эксгумацияланды, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Екі бірдей отбасы сол қабірде жақындары жатқанына бек сенімді. Дау сотқа дейін жетіп, ақыры осындай шешім шыққан. Жер қазушылар жерлеу кезінде бірінің үстіне бірін, екі адамды көмуіміз мүмкін емес дейді. Енді қабірдегі мүрде қазылып, сараптамаға жіберілді. 

Зират басына таң атпай екі отбасы мүшелері келді. Екеуі де «мына қабірде жақынымыз жатыр» дейді. Бейіт басына әр отбасы құран бағыштауға өз молдасын ала келген. Әкімдік өкілдері мен полицейлер де жүр. Тергеу органы жер қазушылардан жауап алып, тараптардың да келісімін нақтылады. Погон таққандардың өзі де титықтайды. Бұлар үшін де мүрдені қайта қазып алу сирек жағдай сияқты. 

Сотқа арызданған Айгүл Жамиленова анасын бір жарым жыл бұрын «осы жерге көмдік» дейді. Жарты жылдан кейін келсе, ол жерді өзгелер қоршап, басқа адамның атына құлпытас орнатқанын көрген. Айгүл Жамиленова

«Қарсы тарап, туыстарының бойы кішкентай болғанын айтады. Менің анам да денелі болмаған. Қазір түсініксіз ғой. Мен бұл жерде анам жатқанына сенімдімін. Егер олай болмаса, мен сараптама шығынан көтеремін. Жерлеу рәсіміне 30-дан аса адам қатысты. Орыннан шатасуымыз мүмкін емес», - дейді Айгүл Жамиленова. 

Ал екінші отбасынан өз куәгерлері, тіпті жерлегеннен кейін осы жерді түсірген бейнетаспасы да бар. Олар Айгүлдің анасы қайтқаннан бір апта өткенде туыс апайын жерлеген. Айтуларынша, рәсімнен соң мұнда күнара келіп, құран бағыштап тұрған. Күн жылынғанда басын көтеріп, қоршауын орнатыпты. Қабірде ет жақыны жатқанына бұлар да бек сенімді. 

«Біз жерлеген соң, қабірді белгі лентамен қоршап, қадасын қағып қойғанбыз. Олар желтоқсанда келдік деп отыр. Сонда олар біздің қадамызды суырып, өзінікін қағып кетпеген шығар? Сотта да олар бір-бірімен келіспеді. Аруақты мазалағандары үшін Алланың алдында жауап береді. Бізге де моральды зиян келтіріп отыр. Қабірде бір ғана мүрденің жатқанына дау жоқ. Тараптардың айтуынша, екеуі де дәл осы жерге арулап жерленген», - дейді  Құралай Майлыбаева.

Бір жарым жыл өткенде қабір қайта қазылды. Мүрде сараптамаға жөнелтілді. Оның қорытындысы бір айда шығуы тиіс. Содан кейін ғана осы мүрдеге таласқан екі отбасының бірі аҺ ұрары сөзсіз.

Войдите, чтобы оставить комментарий