Қарағандыда асқазанын кішірейтпек болған ер адам наркоздан оянбады
Артық салмақтан арылу мақсатында ота жасату кезінде қайтыс болған 35 жастағы Вячеслав Ермоловтың жақындары оның өліміне жауапты ақ халаттыларды жауапқа тарта алмай жүр, деп хабарлайды Politico.kz “Время” басылымына сілтеме жасап.
Теміртау қаласының тұрғыны 2025 жылдың 5 қаңтарында бариатриялық (асқазан кішірейту) отасын жасату үшін Қарағандыдағы жеке клиникалардың біріне барған. Алайда ол ота басталмай тұрып, наркоз енгізу кезінде жан тәсілім етті. Марқұмның артында жесір қалған жұбайы мен кәмелетке толмаған үш баласы қалды.
Туыстарының айтуынша, Вячеслав артық салмақпен ұзақ жылдар күресіп, диета ұстап, спортпен шұғылдану арқылы 20 келіге дейін салмақ тастаған. Бірақ анасы қайтыс болғаннан кейінгі күйзелістен соң қайтадан 40 келі қосып алып, денсаулығы сыр бере бастаған соң отаға баруға бекінген.
«Ол кешке үйден шығып бара жатып әзілдеп: "Менімен қоштасып жатырсың ба?" – деп сұрады. Сөйтсем, ол бір жамандықты сезгендей болған екен», – деп еске алады марқұмның жұбайы Кристина Ермолова.
Тексеру кезінде өрескел заңбұзушылықтар анықталды
Оқиғадан кейін жүргізілген ресми тексерулер клиника жұмысында өрескел кемшіліктер болғанын әшкереледі. Қарағанды облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің қорытындысына сай, жүрек-қан тамырлары бойынша қауіп тобында тұрған науқас толық зерттелмеген, тиісті мамандардың кеңесі алынбаған, сондай-ақ анестезиолог-реаниматологтар ауыр қателіктер жіберген.
Бұған қоса, отаны жасауға тиіс хирургтің бариатриялық және метаболикалық операциялар жасауға арнайы сертификаты болмай шыққан. Жауаптылар тек әкімшілік жазамен ғана құтылып, хирургке тиісті құжаты болғанға дейін мұндай оталарды өткізуге уақытша тыйым салынды.
Ескіру мерзімі өтіп кетуі мүмкін: Жәбірленушілер алаңдаулы
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігі («Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы») бойынша қозғалған қылмыстық іс әлі күнге сотқа өтпей отыр. Жәбірленуші тараптың қолында 12 маман тартылып жасалған 465 беттен тұратын сот-медициналық сараптама қорытындысы бар. Құжатта екі медицина қызметкерінің қате әрекеті мен науқастың өлімі арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар екені нақты дәлелденген.
«Бұл сараптама 10 маусымда аяқталса да, іс неге әлі сотқа жолданбай жатыр? Бұл шұғыл, өмір мен өлім арасында тұрған ота емес еді. Неге отадан дер кезінде бас тартпады? Тергеу бірнеше рет негізсіз тоқтатылып, қайта басталды», – дейді отбасының адвокаты Татьяна Рыбалкина.
Қазір үйдің жалғыз асыраушысынан айырылып, несиемен үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Кристина Ермолова соттың созылып кеткеніне алаңдаулы. Себебі аталған қылмыстық баптың ескіру мерзімі бар болғаны екі жылды құрайды.
«Әкімшілік жаза қылмыстық жауапкершілікті алмастыра алмайды. Бұл бап бойынша екі жылдық ескіру мерзімінің аяқталуына небәрі үш айдай уақыт қалды. Біз істің жабылып қалуынан қорқамыз. Бұл оқиға өзге дәрігерлерге сабақ болып, адам тағдырына немқұрайлы қарамаса екен дейміз», – дейді марқұмның жесірі.
Қарағанды облыстық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу шараларының жалғасып жатқанын алға тартты. Ал жәбірленуші тарап кінәлілерден материалдық және моральдық шығынды өндіру бойынша азаматтық талап арыз дайындауда.
Соңғы жаңалықтар