Қарағандыда зейнеткерді автобустан қуған жүргізуші уақытша қамауға алынды

Қарағандыда зейнеткерді автобустан қуған жүргізуші уақытша қамауға алынды
Фото: Қарағанды облысының ПД

Қарағандыда көкөніс пен жеміс тиелген жүгі бар зейнеткерді автобустан түсіріп тастаған жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол айыппұл төлеп қана қоймай, сот шешімі шыққанға дейін уақытша ұстау бөлмесіне қамалды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, №145 бағыттағы автобусты басқарған 40 жастағы жүргізушіге қатысты екі бап бойынша әкімшілік іс қозғалған.

Жолаушылар мен багажды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін оған 21 625 теңге (5 АЕК) көлемінде айыппұл салынды. Ал ұсақ бұзақылық дерегі бойынша жиналған материалдар сотқа жолданды. Сот шешімі шыққанға дейін жүргізуші уақытша ұстау бөлмесіне қамалған.

Оқиға базар маңында болған. Зейнеткер автобусқа көкөніс пен жеміс салынған арба, қораптар және бірнеше сөмкемен кірген. Алайда жүргізуші жолаушыны көліктен шығуды талап етіп, оның заттарын жолға түсіріп тастаған. Салдарынан қораптар жыртылып, ішіндегі алма мен қызанақ асфальтқа шашылған. Кейбір өнімдердің үстінен көліктер, соның ішінде автобустың өзі де өткен.

Бұған дейін жүргізуші зейнеткерді автобустан қуып шыққанын жоққа шығарған. Оның айтуынша, жолаушыны көп жүгінің болуына байланысты мінгізбеген және такси шақыруға кеңес берген.

Еске салайық, 24 қарашада болған оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Қарағанды қаласының жолаушылар көлігі бөлімі жүргізушінің әрекетін жол беруге болмайтын жағдай деп бағалады. Ол бағыттан алынып, жұмыстан шеттетілді. Кейіннен еңбек шарты бұзылып, жұмыстан босатылған. №5 автобус паркі де қызметтік тексеріс бастаған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу