Қаралы хабар: елге танымал ақын, журналист дүниеден озды

Қазақ журналистикасы мен поэзиясында өзіндік орны бар қаламгер, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Мұрат Мырқанұлы Тастағанов дүниеден өтті. Бұл туралы ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Мұрат Мырқанұлы 1953 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Сарықамыс қыстағында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдап, еңбек жолын «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде бастаған. Кейін өңірлік баспасөзде ұзақ жылдар қызмет атқарып, қазақ журналистикасының дамуына айтарлықтай үлес қосты.
Ол поэзия саласында да айшықты із қалдырды. «Мәңгі жас ғұмыр», «Марқакөлім – мөп-мөлдірім, мерейім», «Алтын тау – Алтай» атты жыр жинақтарының авторы атанып, елге рух пен сырға толы туындылар сыйлады. Сондай-ақ 60-тан астам әннің сөзін жазып, қазақ эстрадасына да өз үнін қосты.
Мұрат Тастағанов Күршім ауданының Құрметті азаматы атанып, туған өңірінің рухани өмірін өркендетуге айрықша еңбек сіңірді. Ана тілі мен ұлттық рухтың жанашыры болған ол «Қазақ тілі» қоғамының Өскемен қалалық ұйымын басқарып, тілдің қадір-қасиетін дәріптеуге өмірін арнады. Кейін облыстық теле-радиокомпанияда, Семейдегі «Ертіс өңірі» газетінде және Әміре Қашаубаев атындағы филармонияда еңбек етіп, мәдениет пен өнердің дамуына зор үлес қосты.
Қаламгердің өткір ойлы мақалалары мен ел руханиятын байытқан шығармалары халық жадында мәңгі сақталады. Ұлтына адал қызмет еткен абзал азаматтың рухы пейіште шалқып, иманы жолдас болғай.
Соңғы жаңалықтар





