Қарапайым айламен бюджеттен 104 миллион жымқырған шенеунікке шыққан үкім өзгеріссіз қалды
Мемлекеттік сатып алу саласындағы алаяқтық арқылы 104 миллион теңгені жымқыру ісі бойынша шығарылған сот үкімі қайта қаралып, өзгеріссіз қалдырылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ КАССАЦИЯЛЫҚ СОТТАРҒА сілтеме жасап.
Сотта анықталғандай, министрліктердің біріндегі комитет төрағасының бұрынғы орынбасары (Т. есімді) мемлекеттік ақпараттық жүйені енгізуді қадағалаған. Ол осы жүйені әзірлеген мердігер ұйымның басшысымен (К. есімді) бірлесіп, бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын ұйымдастырған.
Іс жүзінде, жаңа ақпараттық жүйе толыққанды жұмыс істемей, онда үнемі техникалық ақаулар орын алған.
Бұл жағдайды пайдаланған лауазымды тұлға басшылықты жүйеге ақылы «техникалық қолдау» қажет екеніне сендірген. Ал мердігер болса, келісімшарт бойынша кепілдік аясында тегін орындауға міндетті болған жұмыстарды «сүйемелдеу» бойынша ақылы қызмет ретінде көрсетіп, жалған құжаттар дайындаған.
Осы қарапайым схема арқылы олар мемлекеттік бюджеттен 104 миллион теңгені заңсыз жымқырған.
Төменгі сатыдағы соттың үкімімен екеуі де ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі (Алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылған.
- Бұрынғы шенеунік Т. 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте өмір бойы лауазым атқару құқығынан айырылды.
- Мердігер К. де 6 жыл 6 айға сотталды және оған 7 жыл бойы ақпараттандыру саласындағы ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.
Екеуінен мемлекет кірісіне 104 миллион теңге мөлшеріндегі материалдық залал ортақ тәртіппен өндірілді. Төлемді қамтамасыз ету үшін олардың жеке мүлкіне тыйым салынған.
Апелляциялық саты бұл үкімді өзгеріссіз қалдырған болатын.
Енді істі қайта қараған Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот та бұл үкімді өзгерткен жоқ. Жоғарғы Сот іс материалдары бюджеттен 104 миллион теңгенің негізсіз берілгенін толық дәлелдегенін атап өтті. Техникалық сүйемелдеуге қосымша шығындардың қажеті болмаған, ал бұл қаражат кейін Т. мен К. арасында бөлінген.
Соттың шешімімен бұрынғы шенеунік «Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы» мемлекеттік наградасынан да айырылды. Сот актілері мемлекетке келтірілген залалды өтеуге және әділдікті қалпына келтіруге бағытталғандықтан, толықтай күшінде қалды.
Соңғы жаңалықтар