Қауіпсіздік кеңесінде не өзгерді: Тоқаев жаңа жарлыққа қол қойды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қауіпсіздік кеңесі аппаратының жұмысына қатысты жаңа өзгерістерді бекітті, деп хабарлайды Politico.kz.
Президент «Қазақстан Қауіпсіздік кеңесі аппаратының кейбір мәселелері және Қазақстан президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жарлыққа қол қойды.
Құжатпен Қауіпсіздік кеңесі мен оның аппараты туралы ереже бекітіліп, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы орынбасарының өкілеттіктері нақтыланды.
Жаңа тәртіпке сәйкес, Қауіпсіздік Кеңесі мен оның аппараты жаһандық сын-қатерлерді, сондай-ақ елдегі ішкі ахуалдың өзекті мәселелерін жан-жақты талдауға жауапты болады.
Ал Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасарына президент тапсырмалары мен Қауіпсіздік кеңесі шешімдерінің орындалуын бақылау міндеті жүктеледі. Оның құзыретіне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елдің қорғаныс қабілетін күшейту және заң мен тәртіпті сақтау бағытындағы мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру кіреді.
Сонымен қатар төраға орынбасары ақпараттық және киберқауіпсіздік, жасанды интеллектіні пайдалану, дербес деректерді қорғау, сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмысқа қарсы іс-қимыл, азаматтық қорғаныс мәселелерімен айналысады.
Оған қоса, ол осы бағыттардағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіріп, халықаралық байланыстарды дамытады және Қауіпсіздік кеңесі аппаратының жұмысын ұйымдастырады.
Жарлықта Қауіпсіздік кеңесі аппаратының мәртебесі де нақтыланған. Енді ол президентке тікелей бағынатын және есеп беретін дербес мемлекеттік орган ретінде жұмыс істейді.
Аппараттың негізгі міндеттерінің бірі – ұлттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді бақылау жүйесін жетілдіру, мемлекеттік басқарудың орнықтылығын қамтамасыз ету және Қауіпсіздік кеңесі басшылығының қызметіне институционалдық қолдау көрсету.
Бұл шаралар Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын, ұлттық мүдделерін және конституциялық құрылыстың негіздерін қорғауға бағытталған.
Соңғы жаңалықтар