Қаусаған қарттықтан қалай қашамыз? Зейнеттен кейін ауырмаудың жалғыз жолы айтылды
Көптеген адам зейнет демалысына шыққан соң, неге екені белгісіз, тез қартайып, денсаулығы сыр бере бастайды. Ұйқысыздық, мазасыздық және көңіл-күйдің түсуімен сипатталатын бұл құбылысты мамандар «зейнеткер дерті» деп атайды. Кеңестік психиатр, медицина ғылымдарының докторы Лидия Богданович мұндай жағдайдың алдын алу жолдарын көрсетіп берді.
Өзі 90 жасқа дейін ғұмыр кешкен ғалымның пайымдауынша, қарттық – табиғи процесс болғанымен, оның сапасы тікелей адамның өзіне байланысты. Дәрігер өз тәжірибесінде қызық бір жайтты байқаған: отбасы жанында, жылы-жұмсағы алдында отырған қариялардың өзі кейде кенеттен шөгіп кетеді екен.
Мұның басты себебі – өмірлік ырғақтың бұзылуында. Өмір бойы еңбек етіп, белгілі бір жүйеге үйренген ағза кенеттен «тоқтап қалғанда», адам өзін керексіз сезініп, күйзеліске түседі.
Психиатр адам баласының биологиялық әлеуеті біз ойлағаннан әлдеқайда жоғары екенін алға тартады.
«Табиғат заңы бойынша, кез келген тіршілік иесі өзінің өсу кезеңінен 5-6 есе ұзақ өмір сүруі тиіс. Мысалы, түйе 8 жыл өседі де, 40 жыл жасайды. Ал адамның өсу процесі 25 жаста тоқтайды. Демек, теориялық тұрғыда адам ағзасы 150 жылға дейін өмір сүруге шыдайды», – дейді маман.
Дәрігер ұзақ жасаудың басты құпиясы – қарекетсіз қалмау деп есептейді. Ол ежелгі драматург Софоклді мысалға келтіреді. Ол 90 жасында сотта өзінің ақыл-есі дұрыс екенін дәлелдеу үшін жақында ғана жазған шығармасын оқып берген көрінеді.
Сонымен қатар, физиолог Иван Павлов та 86 жасына дейін ғылымнан қол үзбеген. Қызығы сол, ғалым қайтыс болғанда оның миын зерттеген мамандар ешқандай «кәрілік атрофиясының» белгілерін таппаған. Яғни, үнемі жұмыс істеп тұрған ми қартаймайды.
Лидия Богданович зерттеулерін қорытындылай келе, қарапайым шешімге келді: «зейнет дертінен» құтылудың жалғыз жолы – қалыпты еңбек пен ақыл-ой белсенділігін сақтау.
Бұл жерде ауыр жұмыс істеу міндетті емес. Үй шаруасымен айналысу, серуендеу, кітап оқу немесе жаңа хобби табу – адамға өзінің керек екенін сезіндіреді.
«Адам еңбектен қуаныш тапса, зейнетке шыққанда сол әдетін аңсай бастайды. Қалыпты еңбек – жас кезіңізде де, сексенге келгенде де көтеріңкі көңіл-күйдің негізі», – дейді дәрігер.
Сондықтан, зейнетке шығу – өмірдің соңы емес, жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Бастысы – диванға жатып, ауруды күтіп алу емес, қимылдап, миды істетіп, өмір сүруге деген құштарлықты жоғалтпау.
Сонымен қатар біліңіз, Зейнет жасында бейнеттен арылып шынайы бақытқа кенелудің тоғыз қарапайым құпиясы.
Дереккөз: Тек өмір мен білім туралы
Соңғы жаңалықтар