Зейнет жасында бейнеттен арылып шынайы бақытқа кенелудің тоғыз қарапайым құпиясы

07.12.2025 12:31 Арман Ермеков
Зейнет жасында бейнеттен арылып шынайы бақытқа кенелудің тоғыз қарапайым құпиясы
0
257

«Зейнетке шықсам, демаламын» деп күтеміз. Бірақ іс жүзінде жас ұлғайған сайын мойынға артылатын жүк азаймайды. Үй – мұнтаздай таза, тамақ – тіл үйіретіндей дәмді, бала-шаға мен немере – риза болуы керек. Ал өзіңіз ше? Психологтардың айтуынша, өмірдің кез келген кезеңінде бақытты болудың кілті – аздап «жалқаулық» танытуда жатыр.

Бұл жердегі жалқаулық – күні бойы жату емес, артық жүктемеден арылу. Ендеше, өмір сапасын жақсартқыңыз келсе, мына тоғыз әдетті ұмытыңыз.

1. Ақталуды доғарыңыз Соңғы рет қашан «ел не дейді?» деп жалтақтамай, жай ғана өзіңіз қалаған нәрсені істедіңіз? Біз өзгелерге жағу үшін өзімізді құрбан етуге дайын тұрамыз. Есіңізде болсын: сіз ешкімге қарыздар емессіз. Өзіңізден басқа.

2. Сандықты ақтарыңыз (Артық заттан құтылу) Біз тапшылық заманында өскендіктен, «қара күнге жарайды» деп ескі-құсқыны жинауға құмармыз. Шкафтар киілмейтін киімге, ешкім ішпейтін сервиздерге толы. Немерелеріңіз ол ескі киімді кимейді, қонақтар ол ыдыспен шәй ішпейді. Үйді де, сананы да артық қоқыстан тазартыңыз. Кеңістік ашылса, тынысыңыз да ашылады.

3. Ешкімді тәрбиелемеңіз Келінді, күйеубаланы немесе көршіні өзгертемін деп жүйкеңізді тоздырмаңыз. Адам тек өзі қаласа ғана өзгереді. Егер қарым-қатынас қуаныш емес, реніш әкелсе – араласуды азайтыңыз. Оларды сол күйінде қабылдаңыз немесе жөніне жіберіңіз.

4. «Жоқ» деп айтып үйреніңіз Біреу ренжімесін деп, қаламасаңыз да келісе салатын кездер бола ма? Егер адам сіздің «жоқ» дегеніңізге өкпелесе, демек ол сізді сыйламайды, тек пайдаланады деген сөз. Денсаулығыңызға зиян келсе, бас тартуға толық хақыңыз бар. Сау эгоизм – қартайғанда өте қажет қасиет.

5. Мінсіз болуға тырыспаңыз «Үйім шашылып жатыр, қонақ келсе ұят» деп қанша рет қысылдыңыз? Немерелеріңіз сіздің мұнтаздай еденіңізді емес, сіздің жылы сөзіңіз бен күлкіңізді еске сақтайды. Күнде еден жуып, он түрлі тамақ пісіріп, шаршап-шалдығудың қажеті жоқ. Шаршаған мінсіз әжеден, көңілді «жалқау» әже артық.

6. «Күлкілі көрінем» деп қорықпаңыз «Жасым келді, енді маған жараспайды» деген қағиданы бұзыңыз. Караоке айтқыңыз келе ме? Бассейнге барғыңыз келе ме? Кимешек емес, сәнді шляпа кигіңіз келе ме? Істеңіз! Нағыз бақыт – өз қалауыңмен өмір сүру.

7. Тізгінді босатыңыз Балаларыңыз бен немерелеріңіздің өмірін бақылауды тоқтатыңыз. Иә, ақыл айтуға болады, бірақ олардың қателігі – олардың өмірлік тәжірибесі. Бақылау – қамқорлық емес, ол – жанжалдың басы. Тізгінді босатсаңыз, өзіңізге уақыт табылады.

8. Өткенге өкінбеңіз «Кезінде былай істеуім керек еді» деп өз-өзіңізді жемеңіз. Өткен іс – өтті, кетті. Оны өзгерте алмайсыз, бірақ бүгінгі күнді бүлдіріп аласыз. Өзіңізді кешіріңіз.

9. Қуанышты кейінге қалдырмаңыз «Немерем өссін», «Денсаулығым түзелсін» деп күтуді доғарыңыз. Ол күн келмеуі де мүмкін. Бақыт – межелі нүкте емес, ол – жол. Далада күн шығып тұр ма? Серуендеңіз. Концертке барғыңыз келе ме? Билет алыңыз. Бақытты болу үшін себепті бүгін табыңыз, өйткені басқа «бүгін» болмайды.

Материал ақпараттық-танымдық сипатқа ие және кәсіби психологиялық кеңес болып саналмайды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий