"Қайшылықтар бар": Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сотта айыпталушының сөздері күмән тудырды
Шымкентте бойжеткен Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты өтіп жатқан сотта айыпталушы Шерхан Аймаханның сөздерінде қайшылық бары анықталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Отырыс кезінде судья Самиддин Темірәлиев күдіктінің тергеуде берген жауабы мен сотта айтқан уәждері сәйкес келмейтінін жеткізді. Тергеу хаттамасында сотталушы оқиға болған 2026 жылдың 11 қаңтарында бесік тойдан кейін марқұммен Telegram арқылы хабарласып, үйінің жанына барғанын рет-ретімен баяндаған. Ол көлігінің бардачогынан Алматыдан сатып алған қара қаптағы пышақты қалтасына салып, Нұрайды серуендеуге шақырғанын, ал бойжеткен үндемей кетіп бара жатқанда соңынан барып қалтадағы пышақты сұға бастағанын айтқан. Сондай-ақ оқиғадан кейін Туркістан облысындағы мешіт маңына барып, өзіне де қол жұмсамақ болғанын, бірақ батылы жетпей, екі пышақ пен көрпені алып сайға тығылғанын егжей-тегжейлі жеткізген.
Алайда сот отырысында Аймахан оқиғаның көбі есінде жоғын және аффект жағдайында болғанын алға тартты.
"Кеше бізге "ештеңе есімде жоқ, аффект жағдайында болдым" дедіңіз. Ал мына жауапта екінші пышақты алғаныңызға дейін бәрін рет-ретімен айтып отырсыз. Қай жауабыңыз дұрыс?", – деп сұрады судья.
Сотталушы бұл сөздерді тергеушінің өзі жазғанын айтып, қысқа қайырды. Бірақ судья тергеу кезінде адвокаттың қатысқанын және хаттамада оның қолы тұрғанын еске салып, жауаптың қысыммен жазылғаны туралы уәж күмән тудыратынын атап өтті.
Соңғы жаңалықтар