Қазан айында туылған генералдар! Толық тізім

Қазан айында туылған  генералдар! Толық тізім
06.10.2025 14:00
0
162
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Қазан айы Қазақстанның әскери және құқық қорғау саласындағы бірқатар көрнекті тұлғалары үшін мерейтойларға толы. Бұл айда Қарулы Күштердің, ұлттық қауіпсіздік органдарының, полицияның және басқа да күштік құрылымдардың жоғары шенді офицерлері мен генералдары өздерінің туған күндерін атап өтеді. Төменде қазан айында дүниеге келген белгілі генералдар мен олардың қызмет жолдары туралы ақпарат берілген, деп жазады POLITICO.KZ.

Махамбет Мұстафа Қанапияұлы – генерал-майор. 1950 жылы 1 қазанда Қостанай облысында дүниеге келген. Биыл 75 жасқа толды.Рига азаматтық авиация инженерлері институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша тәмамдаған (1973). Еңбек жолын Талдықорған біріккен авиаэскадрильясының учаске бастығы болып бастаған. Соңғы атқарған белгілі қызметі – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми өкілі, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесшісі (2005 жылдан бастап).

Қойбақов Талғат Мамыртайұлы – генерал-лейтенант. 1963 жылы 2 қазанда Жамбыл облысы, Шу ауданында дүниеге келген. Биыл 62 жасқа толды. И.С. Конев атындағы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін (1985), ҚР Қарулы Күштерінің Әскери академиясын (2002) және Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын (2011) бітірген. Еңбек жолын Оңтүстік әскерлер тобының взвод командирі (1985-1989) ретінде бастаған. Соңғы атқарған қызметі – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы (2020-2023).

Мұқашев Ахат Ғаббасұлы – ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры. 1965 жылы 2 қазанда бұрынғы Семей облысы (қазіргі Абай облысы), Жарма ауданы, Вознесеновка ауылында дүниеге келген. Биыл 60 жасқа толды. Рига азаматтық авиациясының ұшу-техникалық училищесін (1986) және Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген (1992). Еңбек жолын Алматы біріккен авиаотрядында әуе қозғалысын басқару авиадиспетчері болып бастаған. Соңғы атқарған қызметі – Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитеті директорының орынбасары.

Байжасаров Болат Зейноллаұлы – полиция генерал-майоры. 1955 жылы 3 қазанда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Биыл 70 жасқа толды. КСРО Ішкі істер министрлігінің (ІІМ) Қарағанды жоғары мектебін және Ресей ІІМ Академиясын бітірген. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1978 жылы бұрынғы Жезқазған облысының Балқаш қалалық ішкі істер бөлімінде тергеуші болып бастаған. Кейінгі жылдары бірқатар жоғары лауазымдарды атқарған, соның ішінде ҚР ішкі істер вице-министрі (1995-2001) болған. Сондай-ақ Маңғыстау, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қостанай обстарының Ішкі істер департаменттерін басқарған.

Мұқанов Ғабит Қасымбекұлы – 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі (генерал-майор шеніне теңестірілген). 1977 жылы 4 қазанда Алматы облысында дүниеге келген. Биыл 48 жасқа толды. «Қайнар» университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген (1998). Еңбек жолын 1998 жылы Алматы облысы Кербұлақ ауданы прокурорының көмекшісі болып бастаған. Қазіргі атқарып отырған қызметі – Шымкент қаласының прокуроры (2021 жылдың тамызынан бастап).

Ақжанов Данияр Мейрамұлы  – Экономикалық тергеу қызметінің генерал-майоры. 1974 жылы 5 қазанда Қарағанды облысында дүниеге келген. Биыл 51 жасқа толды. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін және Ресей Кеден академиясын тәмамдаған. «Экономист-маркетолог», «құқықтану» және «кеден ісі» мамандықтарына ие. Еңбек жолын 1997 жылы Қарағанды облысы бойынша кеден қызметінде бастаған. Қазіргі атқарып отырған қызметі – Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы (2022 жылдың наурызынан бастап).

Бұқанов Марат Әбдіқалықұлы – полиция генерал-майоры. 1948 жылы 5 қазанда Алматы облысы, Қаскелең ауданы (қазіргі Қарасай ауданы), Ворошилов атындағы ауылда дүниеге келген. Биыл 77 жасқа толды. Алматы халық шаруашылығы институтын (1970), КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін (1979) және КСРО ІІМ Академиясын (1981) бітірген. Мамандықтары бойынша экономист және заңгер. Еңбек жолын 1966 жылы Алматыдағы «Казгорстройпроект» жобалау институтында корректор болып бастаған. Соңғы атқарған лауазымды қызметі – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Аппаратының басшысы (2011-2018).

Оштаев Қуанышбек Өскенбайұлы – генерал-майор. 1976 жылы 5 қазанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Алексеевка ауылында (қазіргі Бауыржан Момышұлы ауылы) дүниеге келген. Биыл 49 жасқа толды. Алматы жоғары әскери училищесін (1997), Ұлттық қорғаныс университетін (2009) және Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын (2018) тәмамдаған. Еңбек жолын 1997 жылы 25717 әскери бөлімінде түрлі лауазымдарда қызмет етуден бастаған. Соңғы атқарған қызметі – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы (2023-2024).

Сергей Викторович Синицин – генерал-майор. 1954 жылы 6 қазанда Алматы қаласында дүниеге келген. Бүгін 71 жасқа толып жатыр. Қазақ ауылшаруашылық институтын (1978) «инженер-механик» мамандығы бойынша және КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚК) Минск қаласындағы Жоғары курстарын (1981) бітірген.

Жақыпов Рашид Тауфиқұлы – полиция генерал-майоры. 1959 жылы 7 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауылында дүниеге келген. Ертең 66 жасқа толады. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған (1981). Еңбек жолын 1981 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы прокуратурасының тергеушісі болып бастаған. Соңғы атқарған ірі қызметі – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары (2014-2019).

Асқар Ахметұлы Жоламанов – генерал-майор. 1971 жылы 8 қазанда Шығыс Қазақстан облысы (қазіргі Абай облысы), Жарма ауданы, Боко кенішінде дүниеге келген. Екі күннен кейін 54 жасқа толады. В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын (қазіргі Сәтбаев Университеті), Михайлов әскери артиллериялық академиясын (Ресей, 2007) және Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университетін (2015) бітірген. Еңбек жолын 1994 жылы взвод командирі, әскери бөлім командирінің орынбасары – штаб бастығы қызметінен бастаған. Соңғы атқарған лауазымы – ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Ракеталық әскерлері мен артиллериясының қолбасшысы (2018-2022).

Юрий Иванович Серебряков – генерал-майор. 1953 жылы 8 қазанда дүниеге келген. Екі күннен кейін 72 жасқа толады. 1990-1992 жылдары КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің сол кездегі Целиноград (қазіргі Ақмола) облысы бойынша басқармасын басқарған. Кейін Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарында қызметін жалғастырған.

Талғат Маратұлы Татубаев – 3-санатты жоғары біліктілік сыныбына ие (бұл шен генерал-майор атағына теңестірілген). 1976 жылы 9 қазанда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Үш күннен кейін 49 жасқа толады. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тергеу комитетінің Қарағанды жоғары мектебін бітірген (1997). Құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар басшылығының Президенттік резервінде тұрады. Еңбек жолын 1997 жылы Қарағанды облысының Ішкі істер бас басқармасында тергеуші болып бастап, кейін түрлі басшылық лауазымдарды атқарған. Соңғы атқарған белгілі қызметі – ҚР Әділет министрінің кеңесшісі (2020-2022).

Нұрлан Қапанұлы Алдияров – генерал-майор. 1969 жылы 10 қазанда бұрынғы Талдықорған облысы, Киров ауданы (қазіргі Жетісу облысы, Көксу ауданы), Бесқайнар ауылында дүниеге келген. Төрт күннен кейін 56 жасқа толады. М.В. Фрунзе атындағы Киев жоғары жалпыәскери командалық училищесін (1991), М.В. Фрунзе атындағы Әскери академияны (2000) және Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университетін (2014) «әскери және мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1991 жылы 74261 әскери бөлімі барлау ротасының барлау взводының командирі болып бастаған. Соңғы атқарған белгілі қызметі – «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы.

Болат Аюбайұлы Қалмұрзаев – ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры. 1967 жылы 10 қазанда дүниеге келген. Төрт күннен кейін 58 жасқа толады. 2023 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалған.

Марат Әлімжанұлы Мәжитов – генерал-майор. 1959 жылы 11 қазанда дүниеге келген. Бес күннен кейін 66 жасқа толады. 1999-2001 жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Әскери институтын (бұрынғы Алматы шекара училищесі) басқарған. Кейін, 2001-2002 жылдары Қазақстан Республикасы ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры лауазымын атқарған.

Ермек Алдабергенұлы Сағымбаев – ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты. 1967 жылы 11 қазанда Алматы облысында дүниеге келген. Бес күннен кейін 58 жасқа толады. Қазақ политехникалық институтын («инженер-электромеханик») және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін («құқықтану») бітірген. Ұлттық қауіпсіздік және әскери іс магистрі. Әскери қызметін 1985-1987 жылдары Кеңес Әскері қатарында бастаған. Қазіргі атқарып отырған лауазымы – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) төрағасы (2022 жылдың қаңтарынан бастап).

Бақытбек Сапарбекұлы Сыдықов – генерал-майор. 1969 жылы 12 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласында дүниеге келген. Алты күннен кейін 56 жасқа толады. Владикавказ жоғары жалпыәскери командалық училищесін (1991), Броньды танк әскерлерінің әскери академиясын (1999) және Қазақстанның Ұлттық қорғаныс университетін (2013) бітірген. Әскери қызметін 1987 жылы Орджоникидзе (кейіннен Владикавказ) жоғары жалпыәскери командалық училищесінің курсанты ретінде бастаған. Соңғы атқарған лауазымы – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары (2023-2025).

Майдан Молдақашұлы Аманжолов – полиция генерал-майоры, КСРО және ҚР ІІМ еңбек сіңірген қызметкері. 1942 жылы 14 қазанда бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданы (қазіргі Абай облысы), Ақсуат ауылында дүниеге келген. 

Дәурен Жұматайұлы Қосанов – авиация генерал-лейтенанты. 1969 жылы 14 қазанда Павлодар облысы, Краснокурский ауданы (қазіргі Ақтоғай ауданы), Новотроицкое ауылында дүниеге келген. Сегіз күннен кейін 56 жасқа толады. Армавир жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесін (1990), Ю.А. Гагарин атындағы Әскери-әуе академиясын (2005) және Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын (2013) бітірген. Еңбек жолын Үшаралдағы жойғыш полкінде қызмет етуден бастаған. Қазіргі атқарып отырған лауазымы – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі (2025 жылдың 8 маусымынан бастап).

Сергей Григорьевич Миненков – генерал-майор. 1953 жылы 14 қазанда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Сегіз күннен кейін 72 жасқа толады. Қарағанды политехникалық институтын (1976) және Минск қаласындағы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚК) Жоғары курстарын (1980) бітірген. Еңбек жолын 1976-1979 жылдары Семей қаласында кәсіптік-техникалық училище оқытушысы, студенттік отрядтың бас инженері болып бастаған. 1979 жылдан бастап ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет еткен. Семей, Қызылорда, Жамбыл, Ақмола облыстарында, кейін ҚР ҰҚК Орталық аппаратында түрлі басшылық қызметтер атқарған. Соңғы атқарған белгілі лауазымдарының бірі – ҰҚК Инспекциясының бастығы.

Ералы Мұсалыұлы Жұмаханбетов – полиция генерал-майоры. 1963 жылы 15 қазанда дүниеге келген. Тоғыз күннен кейін 62 жасқа толады. Ашық дереккөздерге сәйкес, ол 2018 жылдың шілдесінен 2022 жылдың ақпанына дейін Шымкент қаласының Полиция департаментінің бастығы қызметін атқарған.

Қайрат Сапарбекұлы Даутов – генерал-майор. 1971 жылы 18 қазанда Қостанай облысы, Затобол (қазіргі Тобыл) қаласында дүниеге келген. Он екі күннен кейін 54 жасқа толады. Нижегород жоғары зениттік-зымырандық командалық училищесін, Маршал Г.К. Жуков атындағы Әуе-ғарыштық қорғаныс әскери академиясын (Ресей) және Беларусь Республикасы Әскери академиясының Бас штаб факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын зениттік-зымыран дивизионында нұсқау офицері – есептоп бастығы болып бастаған. Қазіргі атқарып отырған лауазымы – ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы (2024 жылдың қыркүйегінен бастап).

Мұрат Жәлелұлы Орымханов – полиция генерал-майоры. 1963 жылы 19 қазанда бұрынғы Талдықорған облысы (қазіргі Жетісу облысы), Сарқан ауданы, Пограничное ауылында дүниеге келген. Он үш күннен кейін 62 жасқа толады. КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды мектебін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген (1985). Еңбек жолын 1985 жылы Талдықорған қалалық атқару комитеті Ішкі істер бөлімінің тергеушісі болып бастаған. Соңғы атқарған лауазымы – Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Өзіндік қауіпсіздік департаментінің басшысы (2022-2025).

Болат Керімжанұлы Дәрбеков – генерал-лейтенант. 1957 жылы 21 қазанда Қырғыз КСР-нің Тоқмақ қаласында дүниеге келген. Он бес күннен кейін 68 жасқа толады. Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін (1979) үздік бітірген. Офицерлік қызметін Германиядағы Кеңес әскерлері тобында мотоатқыштар взводының командирі болып бастаған. Кейінгі жылдары Қазақстан Қарулы Күштерінде Аэроұтқыр әскерлерінің қолбасшысы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы (2007-2008) сияқты лауазымдарды атқарған. Соңғы ірі қызметі – ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы (2009-2010).

Қанатай Жорабекұлы Далматов – генерал-майор. 1978 жылы 23 қазанда Алматы облысында дүниеге келген. Он жеті күннен кейін 47 жасқа толады. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) Әскери институтын (2000) және Академиясын, сондай-ақ Орталық-Азия университетін (2016) бітірген. Құқық магистрі. Еңбек жолын 2000 жылы Зайсан шекара отрядында шекара заставасы бастығының орынбасары, кейін застава бастығы қызметтерінен бастаған. Қазіргі атқарып отырған лауазымы – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары (2024 жылдың 19 қазанынан бастап).

Александр Алексеевич Мартынов – генерал-майор. 1947 жылы 23 қазанда Қырғыз КСР-нің Сокулук ауданы, Сокулук ауылында дүниеге келген. Он жеті күннен кейін 78 жасқа толады. Ташкент әскери танк командалық училищесін (1972) және КСРО Броньды танк әскерлерінің әскери академиясын (1985) бітірген. Взвод командирінен бастап Түркістан және Орта Азия әскери округтерінде құрама командиріне дейінгі жолдан өткен. Анголада әскери кеңесші болған. Қазақстан Қарулы Күштерінде танк құрамасының командирі, 1-ші армиялық корпус командирінің орынбасары (1997-2000) қызметтерін атқарған. 2000 жылдың наурызынан бастап запаста. «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.

Ержан Сапарбекұлы Саденов – полиция генерал-лейтенанты. 1968 жылы 24 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Құйған ауылында дүниеге келген. Он сегіз күннен кейін 57 жасқа толады. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін (1993) және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды жоғары мектебін (1998) бітірген. Еңбек жолын 1993 жылы Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер басқармасының жедел уәкілі болып бастаған. Қазіргі атқарып отырған лауазымы – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі (2023 жылдың қыркүйегінен бастап).

Ерлан Масғұтұлы Абаев – 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі (генерал-майор шеніне теңестірілген). 1969 жылы 25 қазанда Павлодар облысында дүниеге келген. Он тоғыз күннен кейін 56 жасқа толады. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Прокуратура органдарындағы қызметін 1993 жылы тергеушіден бастап, Павлодар облысының аудандық және қалалық прокуроры, Бас прокуратурада басшылық қызметтерді атқарған. 2018-2022 жылдары Маңғыстау облысының, ал 2022 жылдың маусымынан бастап Абай облысының прокуроры.

Сәкен Әділханұлы Жасұзақов – генерал-полковник. 1957 жылы 25 қазанда бұрынғы Шымкент облысы (қазіргі Түркістан облысы), Шалдар ауылында дүниеге келген. Он тоғыз күннен кейін 68 жасқа толады. Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, М.В. Фрунзе атындағы әскери академияны және Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын бітірген. Қазақстан Қарулы Күштерінде түрлі жоғары лауазымдарды атқарған: Аэроұтқыр әскерлерінің, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының және Құрлық әскерлерінің қолбасшысы болған. 2013-2016 жылдары Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабының бастығы, ал 2016-2018 жылдары Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі қызметін атқарды.

Серік Сәдуақасұлы Қараманов – 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі (генерал-майор шеніне теңестірілген). 1957 жылы 25 қазанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Он тоғыз күннен кейін 68 жасқа толады. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) «заңгер» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1979 жылы Алматы қаласының прокуратура органдарында тағылымдамадан өтуші болып бастап, қала прокурорының орынбасары лауазымына дейін көтерілген. Бас прокуратурада департамент бастығы қызметтерін атқарған. Әр жылдары Жамбыл, Қарағанды, Батыс Қазақстан (2012-2016) және Павлодар (2016-2018) облыстарының прокуроры болған.

Өсер Елеусізұлы Мырзанбаев – генерал-майор. 1959 жылы 25 қазанда Қостанай облысы, Обаған ауданы (қазіргі Алтынсарин ауданы), Большая Чураковка кентінде дүниеге келген. Он тоғыз күннен кейін 66 жасқа толады. Свердловск заң университетін (1984) және Минск қаласындағы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚК) Жоғары курстарын (1987) бітірген. Еңбек жолын прокуратура органдарында бастаған. 1987 жылдан бастап ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет еткен. 2009-2013 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, кейін 2013-2016 жылдары ҰҚК-нің Қостанай облысы бойынша департаментінің бастығы болған.

Рашид Хабибуллаұлы Фаткулин – генерал-майор. 1954 жылы 25 қазанда Өзбек КСР, Ташкент облысы, Алмалық қаласында дүниеге келген. Он тоғыз күннен кейін 71 жасқа толады. КСРО ІІМ Ішкі әскерлерінің Саратов жоғары әскери училищесін (1979), Қарағанды жоғары мектебін (1987) және ІІМ Академиясын (1991) бітірген. 1979 жылдан 2004 жылға дейін Ішкі әскерлерде взвод командирінен құрама командиріне дейінгі лауазымдарды атқарған. Кейін Ішкі әскерлердің Жоғары әскери училищесінің бастығы, Қолбасшының орынбасары қызметтерінде болған. Соңғы ірі лауазымы – ҚР ІІМ Ішкі әскерлері (қазіргі Ұлттық Ұлан) Қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы (2008 жылдан бастап).

Шәміл Рафақұлы Хакимов – генерал-майор (2003). 1957 жылы 25 қазанда Ресейдің Челябинск қаласында дүниеге келген. Он тоғыз күннен кейін 68 жасқа толады. Алматы жалпыәскери командалық училищесін, Қазақ политехникалық институтын және Тыл мен көлік академиясын бітірген. 1992 жылдан бастап Қазақстан Қарулы Күштерінде қызмет етіп, Әскери автомобиль инспекциясын (1992-1997) және Әскери полиция Бас басқармасын (1998-2004) басқарған. 2004 жылы запасқа шығарылған. II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.

Амангелді Едірісұлы Тәженов – генерал-майор. 1954 жылы 26 қазанда Ресейдің Түмен облысы, Ишим ауданында дүниеге келген. Жиырма күннен кейін 71 жасқа толады. Петропавл педагогикалық институтын бітірген. Еңбек жолын комсомол органдарында бастап, 1982-1996 жылдары қауіпсіздік органдарында қызмет еткен. Кейін дипломатиялық қызметке ауысып, Қытайдағы елшіліктің кеңесшісі, СІМ басқарма бастығы, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары (2007-2009) болған. 2009-2017 жылдары «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі директорының орынбасары қызметін атқарған.

Сабыржан Ибрагимұлы Оңғарбаев – генерал-майор. 1967 жылы 27 қазанда Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Сазды ауылында дүниеге келген. Жиырма бір күннен кейін 58 жасқа толады. Ақтөбе педагогикалық институтын (1990) және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті институтын (1997) бітірген. 1997 жылдан бастап Қазақстанның қауіпсіздік органдарында жедел және басшылық лауазымдарда қызмет етіп келеді. 2025 жылдың 5 маусымында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Терроризмге қарсы орталығы басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Шыңғыс Сайранұлы Арынов – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің генерал-майоры. 1983 жылы 29 қазанда Алматы облысында дүниеге келген. Жиырма үш күннен кейін 42 жасқа толады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын және Азаматтық авиация академиясын бітірген. Еңбек жолын 2006 жылы Мемлекеттік күзет қызметінде офицерлік лауазымдардан бастаған. 2022-2024 жылдары ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Президенттің күзет қызметінің бастығы болған. Қазіргі атқарып отырған лауазымы – Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі (2024 жылдың ақпанынан бастап).

Сәкентай Амантайұлы Шекарбеков – генерал-майор. 1977 жылы 30 қазанда дүниеге келген. Жиырма төрт күннен кейін 48 жасқа толады. ҚР ІІМ Алматы жоғары техникалық училищесін, Ресей Қарулы Күштерінің жалпыәскери академиясын және Беларусь Республикасы Әскери академиясының Бас штаб факультетін бітірген. Қызмет жолын Шымкентте взвод командирі болып бастаған. 2020 жылдың тамыз айынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығын басқарады.

Василий Несіпқазыұлы Рысбаев – генерал-майор. 1959 жылы 31 қазанда Алматы облысы, Кеген ауданы, Саты ауылында дүниеге келген. Жиырма бес күннен кейін 66 жасқа толады. Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін (1983) және М.В. Фрунзе атындағы Әскери академияны (1996) бітірген. Еңбек жолын Кеңес әскерінің Мәскеу және Қиыр Шығыс әскери округтерінде взвод командирі қызметінен бастаған. Қазақстан Қарулы Күштерінде полк командирінен бастап, түрлі жоғары лауазымдарды атқарған. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы (2010-2013), Құрлық әскерлерінің Әскери институтының бастығы (2014-2016) болған. 2020 жылдың наурызынан бастап Satbayev University Әскери іс институтының бастығы.

Степан Иванович Шуткин – 2-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі (генерал-лейтенант шеніне теңестірілген). 1937 жылы 31 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Буденовка ауылында дүниеге келген. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген (1964). Еңбек жолын 1964 жылы Алматы қаласы прокуратурасының тергеушісі болып бастаған. Алматы қаласының прокуроры (1983-1987), Қазақстан Үкіметі аппаратының басшысы (1996) сияқты жоғары лауазымдарды атқарған. 1996-1997 жылдары – Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры. 1997 жылы зейнетке шыққан.

Дереккөздер: ИНФОРМАТОР KZ, Online.zakon.kz, Gov.kzВикипедия.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий