Қазақ өнертану саласына еңбегі сіңген, белгілі музыкатанушы өмірден озды
Белгілі музыкатанушы, өнертану кандидаты, қазақтың дәстүрлі музыкасын зерттеуші әрі ұстаз Әлия Сабырова 58 жасында өмірден өтті. Өнертану саласына сүбелі еңбек сіңірген ғалымның қазасы мәдениет және білім қауымдастығына ауыр тиді.
Әлия Сұлтанмұратқызы отыз жылға жуық уақыт бойы дәстүрлі музыкалық мәдениет пен түркі әлемі музыкасын оқытуға, зерттеуге және насихаттауға өз өмірін арнады. Ол Қазақстанда алғаш рет «Әлем халықтарының музыкасы» атты авторлық оқу курсын әзірлеп, елдің жоғары оқу орындарына енгізді. Ғалымның жетекшілігімен елуге жуық магистрлік және үш докторлық диссертация сәтті қорғалды. Сонымен қатар, ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ғылым хатшысы және қазақ пен шетел музыкасы тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған.
2009–2010 жылдары Әлия Сабырова «Музыка әлемінде / В мире музыки» журналының бас редакторы болды. Ол ғылыми экспедицияларға қатысып, көптеген іргелі музыкалық еңбектерді редакциялаған. Ғалымның зерттеу еңбектерінің негізгі бағыты Абай мен Шәкәрімнің шығармашылығына, қазақтың рухани және музыкалық дәстүрінің терең қабаттарын талдауға арналды.
Құрманғазы атындағы консерватория ұжымы өз мәлімдемесінде: «Әлия Сұлтанмұратқызы – кәсібіне адал, еңбекқор және жаңашыл ғалым болды. Ол студенттермен тең дәрежеде сөйлесіп, олардың дербес ойлау қабілетін дамытуға үлкен мән берді. Әр сабақта дәлдік пен ғылыми негізді талап ететін ұстаз еді», – деп еске алды.
Әлия Сабырованың артында мол ғылыми мұра мен шәкірт тәрбиелеп кеткен ұстаз ретіндегі есімі қазақ музыкасы тарихында мәңгі сақталмақ.
Соңғы жаңалықтар