Қазақ пен қырғызға тіл тигізген боксшының атышулы әйелі қамауға алынады
Қырғызстанның құқық қорғау органдары бокстан әлем чемпионы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайы Екатерина Биволға қатысты ұлтаралық араздық қоздырды деген айыппен қылмыстық іс қозғады. Сот шешімімен оған қамауға алу туралы сырттай ордер беріліп, іздеу жарияланды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Тергеу дерегінше, 21 қазанда тараған бейнежазбаларда Екатерина Бивол қырғыз халқына қатысты қорлайтын және өшпенділік тудыратын пікірлер білдірген. Бұл іс Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 330-бабы бойынша («Нәсілдік, этникалық немесе ұлттық араздықты қоздыру») қаралып жатыр.
Айыпталушыға сырттай айып тағылып, оған қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы бекітілді. Егер оның кінәсі дәлелденсе, 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Биволдың қазақ және қырғыз халықтарына қарсы әдепсіз, балағат және кемсітушілік сипаттағы сөздер айтқан бейнежазбалары тараған болатын. Бұл жағдай қоғамда кең резонанс тудырып, ұлтаралық қатынастарға нұқсан келтіру әрекеті ретінде сынға алынды.
Соңғы жаңалықтар