«Қазақмыс» басшысы өндірісті жаңғырту үшін Қытайдың озық технологияларын зерттеп жатыр

25.05.2026 09:12 Арман Ермеков
«Қазақмыс» басшысы өндірісті жаңғырту үшін Қытайдың озық технологияларын зерттеп жатыр
78
Фото: KAZAKHMYS

«Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі өндірісті жаңғыртып, қауіпсіздік жүйесін дамыту мақсатында Қытайға жұмыс сапарымен барып, жергілікті алпауыт технологиялық компаниялармен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Politico.kz.

Сапар барысында энергетикалық жабдықтар шығаратын CNPC (Jichai Power Company) және әлемдік деңгейдегі CNMC тау-кен металлургиялық тобының өкілдерімен маңызды кездесулер өтіп, тараптар автономды генерация мен өндіріс тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады. Келіссөздер нәтижесінде отандық кәсіпорындарда озық шешімдерді кеңінен қолдану және өзара тәжірибе алмасу арқылы берік технологиялық әріптестік орнату жолдары қарастырылды.

Сонымен қатар қазақстандық делегация Хубэй провинциясындағы Daye Smelter мыс балқыту зауытына арнайы барып, ондағы өндірісті ұйымдастыру, автоматтандыру және табиғатты қорғау бағытындағы жаңашыл шешімдерді өз көзімен көрді. Қазіргі уақытта корпорация басшылығының аспан асты еліндегі сапары жалғасып жатыр, алдағы күндері жабдық жеткізушілермен және басқа да әлеуетті серіктестермен бірқатар келіссөздер жоспарланған.

«Мұндай халықаралық сапарлар біздің өнеркәсіптік нысандарды одан әрі жаңғыртып, өндірістік үдерістің тұрақтылығы мен кәсіпорындардың тиімділігін арттыруда ең жақсы заманауи технологиялық шешімдерді қолдануға мүмкіндік береді», – делінген «Қазақмыс» корпорациясында.

Войдите, чтобы оставить комментарий