«Қазатомөнеркәсіп» инвесторларын сабырға шақырды

«Қазатомөнеркәсіп» инвесторларын сабырға шақырды
Фото: kazatomprom.kz

Бірінен соң бірі үш басшысы қызметтен кеткен, ал біреуі жемқорлық күдігімен ұсталған әлемдегі ірі уран өндіруші «Қазатомөнеркәсіп» тағы мәлімдеме жасады. Бұл жолы компанияның Директорлар кеңесі акционерлер мен инвесторларды алаңдамауға шақырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Кеңес қалыптасқан жағдайдың күрделі екенін мойындап, тергеу барысында компанияның ішкі жұмысынан кемшіліктер анықталса, оларды түзетуге дайын екенін жеткізді.

«Компания құзыретті органдармен ынтымақтастықта жұмыс істейді және тиісті жауапкершілікті қамтамасыз етуге ниетті. Кінәсіздік презумпциясы қағидатын ұстана отырып, біз тиісті құқықтық рәсімдер аяқталғанға дейін жеке жауапкершілік туралы қорытынды жасаудан тартынамыз», – делінген мәлімдемеде.

Компания басшыларының төңірегіндегі дау өндіріс жұмысына әсер етпеген көрінеді. 2026 жылға арналған өндірістік және қаржылық болжамдар да, даму жоспары да өзгеріссіз қалмақ. Қызметтен кеткен үш басшының міндеттері қалған басшылар арасында бөлінеді.

«Компаниямыздың тұрақтылығы оның басқарушы тобының жекелеген мүшелерімен байланысты емес. Ол қызметкерлердің қызмет атқарудағы адалдыққа, жинақталған тәжірибеге, қалыптасқан іскерлік байланыстарға және мүдделі тараптардың қолдауына негізделген», – деп мәлімдеді Директорлар кеңесі.

Еске салайық, бүгін «Қазатомөнеркәсіптің» сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директоры Дархан Сағындықовтың өз еркімен қызметтен кеткені белгілі болды.

Ал 23 қарашада ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі компанияның басқарма мүшесі Қуаныш Омарбеков пен өзге де адамдарды ұстаған еді. Олар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырды делінген жемқорлық жүйесіне қатысы бар деген күдікке ілінген. Қылмыстық кодекстің 367-бабының 4-бөлігі (Пара беру) бойынша тергеу жүріп жатыр.

Бұған дейін, 12 қарашада ҰҚК «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолының» басшысы Елжас Отыншиевті ұстаған. Сондай-ақ ҚТЖ-ның екі директоры мен қордың бір департамент басшысының ұсталғаны белгілі болған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу