Қазақмыс кеншілердің еңбек жағдайын түбегейлі жақсартуға кірісті

15.06.2026 15:01 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақмыс кеншілердің еңбек жағдайын түбегейлі жақсартуға кірісті
80
Фото: KAZAKHMYS

Жезқазғандағы кеншілердің еңбек жағдайы түбегейлі өзгереді. «Қазақмыс» корпорациясы өндіріс пен жұмысшылардың тұрмыстық инфрақұрылымын жаңартуға ондаған миллиард теңге бөліп отыр. Енді ауыр бейнеттегі ескірген техниканың орнын әлемдік үлгідегі су жаңа жабдықтар басады, деп хабарлайды Politico.kz корпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жақында корпорацияның Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Оңтүстік және Батыс Жезқазған кеніштерін арнайы аралап, бірқатар маңызды шешім қабылдады. Басты мақсат – жай ғана өндірістік жоспарды қуалау емес, адамдарға қауіпсіз әрі лайықты жұмыс орнын жасап беру.

Бұдан былай компания тиімсіз, жиі бұзылатын құрылғылардан түбегейлі бас тартады. Оның орнына тек жоғары сапалы әлемдік брендтер сатып алынады. Осы мақсатта 9,9 млрд теңгеге 19 заманауи бұрғылау қондырғысына тапсырыс берілген. Оның сегізі жыл соңына дейін кенішке жеткізіледі.

Бұған қоса, кеншілердің денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін 2,5 млрд теңгеге 25 жаңа реанимобиль (жедел жәрдем көлігі) алынды. Ал қазіргі бар техникаларды күрделі жөндеуден өткізуге қосымша 6,7 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл өндірістің тоқтап қалмауын және жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Өндірістен бөлек, шахтерлердің күнделікті тұрмысы да тікелей бақылауға алынды. Жезқазғандағы бірнеше шахтаның (№65, 73, 75, 67) әкімшілік ғимараттары, жылы өткелдері мен жуынатын бөлмелері толық жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, жұмысшыларды сапалы арнайы киіммен және ыстық тамақпен үзіліссіз қамтамасыз ету мәселесі біржола шешілмек.

Тағы бір жаңалық – ішкі процестерді оңтайландыру. Енді арнайы оқудан өткен қызметкерлер жоғары қысымды жуу аппараттарына өздері қызмет көрсете алады. Бұл үшін олардың жалақысына арнайы үстемақы қосу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

«Біздің міндетіміз — тек өндірістік жоспардың орындалуын қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар адамдарға еңбек ету үшін лайықты жағдай жасау. Барлық көтерілген мәселе нақты шешімін тауып, басшылықтың тұрақты бақылауында болуы тиіс», – деп қатаң тапсырма берді Руслан Өскенәлі кеншілермен кездесуінде.

Войдите, чтобы оставить комментарий