Қазақмыс Ұлытау облысын көркейту үшін 20 миллиард теңге бөлетін болды
Ұлытау облысының әкімдігі мен Қазақмыс корпорациясы өңірді дамытуға бағытталған 20 миллиард теңгенің меморандумына қол қойды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен Қазақмыс корпорациясы басқармасының төрағасы Руслан Өскенәлі аймақтың инфрақұрылымы мен әлеуметтік саласын дамыту үшін өзара ынтымақтастық туралы құжатты бекітті. Жаңа келісім аясында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт бағыттары бойынша 20 миллиард теңгеден астам қаражатқа түрлі бастамалар жүзеге асырылады. Адам капиталын дамыту мақсатында сұранысқа ие мамандарды даярлайтын Ұлытау университеті ашылып, ол облыстың жаңа зияткерлік орталығына айналмақ. Бұған қоса биыл Жезқазған қаласында өңірдегі ең үлкен орталық мешіттің құрылысы аяқталып, Сәтбаев қаласында жаңа травматологиялық пункт өз жұмысын бастайды.
Облыстың әр ауданынан келген дарынды жастарды жаттықтыру үшін 150 орындық интернаты бар баламасы жоқ Намыс балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы іске қосылады және Ұлытау футбол клубын қаржыландыру әрі қарай жалғасады. Жергілікті билікке инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға көмектесу мақсатында су тарту, сумен және энергиямен жабдықтау жүйелерін жаңғырту үшін қажетті құжаттар әзірленеді.
Жезқазғандағы Жастар саябағы мен Ғарышкерлер бақжолы, Кеңгір су қоймасының жағалауы толық абаттандырылып, Қожамқұлов атындағы театр күрделі жөндеуден өтеді. Нәтижесінде тұрғындар мен қала қонақтары үшін заманауи әрі жайлы қоғамдық кеңістіктер пайда болады. Жалпы бұл әлеуметтік бастамалар стратегиялық маңызы бар өңірдің тұрақты дамуына серпін беріп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.
Соңғы жаңалықтар