«Баламызды соғыстан қайтарыңдар»: ата-аналар Сыртқы істер министрлігіне барды

08.10.2026 • 09:00 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Баламызды соғыстан қайтарыңдар»: ата-аналар Сыртқы істер министрлігіне барды
330
Коллаж/ЖИ

«Көмектесші, мама». Нәзира Болысова Ресейге жұмыс істеуге кеткен жалғыз ұлынан осындай өтініш естіген. Төрт айдан бері баласын қайтара алмай жүрген ана бүгін Сыртқы істер министрлігінің алдына жиналған жұрттың арасында болды, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Олардың талабы бір: Ресейге табыс табуға барып, соғысқа тап болған ұлдарын елге аман қайтару. Туыстарының айтуынша, жігіттерді жақсы жалақысы бар жұмысқа шақырып, кейін қорқытып, майданға жіберген. Арасында жараланғандары да, хабар-ошарсыз кеткендері де бар.

Бекасыл Жүрербектің анасы Нәзира Болысова ұлын іздеп Ресейге екі рет барғанын, бірақ көмек ала алмағанын айтады.

«Ешкім көмектеспеді, тіпті бізді адам санамады. Мен сіздерден көмек сұраймын. 25 рет “Егов” арқылы арыз жаздым, ешқандай жауап жоқ, тек қаралып жатыр. “Күтіңіз” деуден басқа ештеңе айтпайды. Баламның не өлі, не тірі екенін ешкім айтпайды», – деді ол.

Нәзираның айтуынша, қазір соғыста жүрген 21 қазақстандық туралы мәлімет бар. Бұл ресми тізім емес, олардың саны бұдан да көп болуы мүмкін.

Айнабек Келдібектің әпкесі Сымбат Келдібек бауыры мен өзге жігіттердің Қазақстанда әскери борышын өтегенін еске салды.

«Олар өз еркімен әскерге барып, мемлекет алдындағы борышын өтеп келген азаматтар. Бірақ Отаны оларды қорғауға дайын ба? “Қорғай ала ма?” деген үлкен сұрақ туып тұр», – деді ол.

Журналистерге мұңын айтқан ата-аналар кейін министрлік ғимаратына кірді. Алайда министрмен кездесе алмады. Адвокат Мейірман Шекеевтің айтуынша, министр іссапарда жүрген. Өтініштерін тыңдаған жауапты қызметкерлер мәселені шешуге әрекет жасап жатқанын жеткізген.

Шекеев Президентке де, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына да өтініш жазғанын айтты. Оның сөзінше, министрлік Президентке арналған өтінішке өз ұсынымын қосып, жолдауға келіскен.

«Енді Президенттің назарына жететін болды. Ары қарай тез шешіледі деп ойлаймыз», – деді адвокат.

Сымбат Келдібек болса, кездесуден кейін де көңілі орнықпағанын жасырмады.

«Өкініштісі, талай мәрте естіген жауапты тағы алдық. Жауапқа риза емеспіз. Біраз тартыстан кейін, жанайқайымызды, үндеудің бәрін айтқаннан кейін ғана келісімге келгендей болдық. Оның өзінде бізде оны күтетін уақыт та жоқ, балалар соғыстың алдында тұр», – деді ол.

Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтарды қайтару үшін Ресеймен келіссөз жүргізіп жатқанын айтады. Ал ата-аналар ұлдарының аман оралуын сағат санап күтіп отыр.

Бұған дейін Politico.kz Ресейге жұмыс істеуге кеткен Айнабек Келдібек пен Қайсар Қалмаздың көмек сұраған үндеулерін жариялаған еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий