«Тіркеуден шығара беріңдер»: Мақпал Жүнісова Президент Іс басқармасының емханасына не үшін өкпеледі?

08.10.2026 • 09:00 Мөлдір ҚАЙНАР
«Тіркеуден шығара беріңдер»: Мақпал Жүнісова Президент Іс басқармасының емханасына не үшін өкпеледі?
418
Фото: коллаж politico.kz

Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінен өзін тіркеуден шығару туралы ескерту алғанын айтып, емхана қызметкерлерінің мазасын жиі алатынына наразылық білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер иесінің айтуынша, халық әртістері мен еңбек сіңірген қайраткерлерге аталған медициналық орталықта тіркеуде тұру құқығы берілген. Әншінің өзі бұл мекемеге 1994 жылдан бері тіркеуде екен. Сонымен қатар ол өзіне тиесілі жыл сайынғы тегін санаторий жолдамасы туралы тек былтыр ғана білгенін жасырмады.

«Біз халық әртістері, еңбек сіңірген қайраткерлер “совминде” тіркеуде тұрамыз. Сол жаққа барып, анализ тапсырып жүрдік. Сол “совминде” бір ереже бар екен, мен оны былтыр ғана естіп таңғалдым. Сөйтсем, жыл сайын тегін санаторийге жолдама беріледі екен. Өмірімде мұндай жеңілдіктерді пайдаланып көрмегендіктен, “Маған неге айтпаған, жыл сайын демалуға болатын еді ғой” деп қалдым», – дейді әнші.

Сондай-ақ әнші соңғы уақытта денсаулығын үйінің маңындағы клиникаларда қарататынын және шетелде тексеруден өтіп тұратынын жеткізді.

«Үйімнің жанында клиника көп, сол жаққа барып анализ тапсырып, чекаптан өтемін. Тіпті Корея мен Түркияға барғанда да тексеріліп жатырмыз. Деніміз сау, шүкір, шауып жүрміз: концерттер, гастрольдік сапарлар жетерлік», – деді ол.

Мақпал Жүнісова емхана қызметкерлерінің медициналық тексеруден өтуді талап етіп, тым жиі мазалайтынына ашынды.

«“Совминнің” қыздары қайта-қайта қоңырау шалып: “Анализ тапсырыңыз, тексеруге келіңіз” деп қоймайды. Мен: “Қыздар, денім сау, Аллаға шүкір” десем, “Келмесеңіз, тіркеуден шығарамыз” деп қорқытады. “Шығара беріңдер” дедім. Менің ешнәрсеге жабысып қалған түгім жоқ, ауырсам Медеу ауданындағы үйіме жақын жерге барамын», – деді өнер иесі.

Әншінің айтуынша, кейін Астанадан өзін тіркеуден шығару жөнінде ресми хат келген.

«Енді тағы да Астанадан хат келді. “Шығарамыз” дейді. Шығара беріңдерші! Кім екен оны жіберіп жүрген? Бар мәселе маған қарап қалып па? Менің орныма басқа біреуді тіркегілері келіп жатса, кіргізе берсін, ренжімеймін. Тек мазамды алмаса болды», – деп түйіндеді Мақпал Жүнісова.

Войдите, чтобы оставить комментарий