Шымкентте су құбырын ауыстырмақ болған екі жұмысшы көз жұмды
Шымкентте су құбырын ауыстырмақ болған екі жұмысшы көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша, 20-22 жастағы жігіттер құдыққа түсіп, газға уланып қалған. Қайғылы жағдайдың жай-жапсарын қазір полиция анықтауда, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы хабарлады.
«Ол жерде шұңқыр болатын. Жұмысшылар құбыр тартып жатқан еді. Кейін прокурор мен өзге де жауапты қызметкерлер келді. Халық жиналып, екі адамның қайтыс болғанын айтты. Тек бір жұмысшы ғана аман қалған екен. Кейін денелерін алып шықты. Газға уланған сияқты», - деді Шымкент қаласының тұрғыны.
Бұл оқиға қаланың қақ ортасында күндіз болған. Куәгерлердің айтуынша, жекеменшік компанияда жұмыс істеген үш жігіт терең шұңқырға түсіп, ұзақ уақыт бойы қайта шықпаған. Әріптестері бір жағдайдың болғанын сезіп, соңынан құдыққа түседі. Көп ұзамай жұмысшыларды сыртқа алып шыққан. Өкінішке қарай, олардың екеуі оқиға орнында тіл тартпай кетті. Ал аман қалған азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйіне жіберілді. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары қылмыстық іс қозғады.
«Құбыр төсеу жұмыстары кезінде жұмысшылардың қаза болу дерегіне байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жұмысшылар құдық ішіндегі улы газға уланған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы мен еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына жауапты тұлғалар анықталып жатыр», - деді Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Соңғы жаңалықтар