"Қазаққа тойдың қажеті жоқ" деген асаба сынға қалды

Асаба Санат Нұрбай қазіргі кезде тойдың ешқандай қажеті жоқ екенін айтты.
Бұл туралы ол “Қазір айтайық” бағдарламасында айтты.
Асабаның айтуынша, қазіргі уақытта қазақ қоғамы үшін тойдың ешқандай қажеттілігі қалмаған. Ол бұл пікірін өз тәжірибесіне сүйене отырып білдірген: “15-20 жыл осы саланың ішінде жүрмін, қазір халықты аяймын. Қазақта тойдан басқа табыс көзі жоқ дерсің. Бірақ бұл қуаныш емес, керісінше ауыртпалыққа айналды”, — дейді ол.
Бүгінде көпшілік 300 адамға дейін шақырып, той жасау үшін несие алып, қарызға белшесінен батып жатады. Мұндай жағдай отбасыларды психологиялық қысым мен тұрақсыздыққа итермелейді.
“Қазір тіпті іріктеп шақырғанның өзінде 300 адамнан кем болмайды. Ал әр қонаққа барып, 50-100 мың теңгеден сыйлық беру дәстүрге айналды. Бұл халыққа үлкен салмақ салып отыр”, — дейді асаба.
Оның сөзінше, қазіргі жастардың көпшілігі той жасаудан бас тартқысы келеді, себебі олар үшін бұл — қаржылық қиындық пен артық шығын. Алайда ата-аналар дәстүр мен абыройды алға тартып, той жасауды талап етеді.
“Жастар тойдың мәнін емес, шығынын ойлайтын болды. Ал үлкен буын әлі күнге дейін тойсыз өмірді елестете алмайды”, — дейді ол.
Асабаның бұл пікірі қоғамда жиі талқыланатын мәселелердің біріне айналып отыр. Той мәдениеті мен оның қазіргі экономикалық әсері туралы пікірлер әртүрлі болғанымен, көпшілік артық шығын мен әлеуметтік қысымның жастардың өміріне кері әсер етіп жатқанын мойындайды.
Соңғы жаңалықтар





