Қазақстан мектептерінде оқушыларға амандасу әдебін үйрету ұсынылды

10.09.2026 13:29 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Қазақстан мектептерінде оқушыларға амандасу әдебін үйрету ұсынылды
178
ЖИ арқылы жасалған сурет

Құрылтай отырысында депутат Ерлан Сайыр мектептерде ұлттық амандасу мәдениетін күнделікті өмір салтына айналдыруды ұсынды, деп хабарлайды Politico.kz.

«Әділет» фракциясының мүшесі Ерлан Биахметұлы аталған бастама бойынша арнайы депутаттық сауал жолдады. Хат Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың атына бағытталған.

Депутат өз үндеуінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Басты міндет халқымыздың баға жетпес қазынасы ұлттық мұраны» сақтау деген сөзін негізге алды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының сәлемдесу әдебін ұлттық құндылықтарға сай жаңғырту мәселесін көтеруі осы саясаттың нақты көрінісі саналады.

Депутат мәдениет ұғымы тек концерт, театр немесе музеймен шектелмейтінін еске салды. Мәдениет дегеніміз – адамның күнделікті жүріс-тұрысы мен қоғамдағы әдебінен көрінетін өмір салты. Осы орайда амандасу дәстүрі ұлттық бірегейліктің ең қарапайым әрі көрнекті белгісі ретінде сипатталды. Әлем халықтарының тәжірибесінде сәлемдесу салты әр ұлттың өзіндік болмысын айқындайды. Жаһандану дәуірінде өз амандасу үлгісін сақтау елдің мәдени ерекшелігін қорғаудың басты тетігіне айналады.

Қазақ қоғамында сәлемдесудің қалыптасқан жүйесі терең тәрбиеге негізделген. Бұл дәстүрдің төркінінде үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу және ағайын арасындағы байланысты бекемдеу құндылықтары жатыр. Қазақ сәлемдесуінің негізгі ерекшелігі ұстамдылық болып саналады. Депутаттың сөзіне қарағанда, мәдени код даңғаза ұрандардан емес, күнделікті қарапайым әдеттен бастау алады. Сондықтан бұл мәселені бір реттік науқан емес, мемлекеттік мәдени саясаттың ұзақ мерзімді бағыты деп қарау ұсынылды.

Осыған орай депутаттар тобы жауапты министрліктерге нақты шаралар қабылдауды ұсынды. Ең алдымен амандасу әдебін әлеуметтік нормаға айналдыру үшін арнайы әдістемелік құжаттар дайындалуы керек. Сондай-ақ мектептерде сәлемдесуді күнделікті тәрбиенің тұрақты элементі ретінде енгізу қажет. Бұл үрдісті сынып сағаттары, мектеп ережелері, тәлімгерлік сағаттары мен ата-аналармен бірлескен жұмыс арқылы орнықтыру көзделген. Ұстаздардың жеке үлгісі мен білім ошағындағы мәдени орта да басты орынға шығады. Бұған қоса мектепке дейінгі, орта, техникалық және жоғары білім жүйелері бірлесіп, ұлттық әдеп нормаларын заманауи оқу процесіне сай бейімдеуі тиіс.

Еске сала кетейік бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай депутаттарын сайлау кезіндегі брифингте қазақстандықтар үшін жаңа мінез-құлық кодексі туралы мәлімдеген болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий