Қазақстан өңірлері тасқынға дайын ба?
Қыс келіп, Қазақстанда көктемгі тасқындардың қауіпі артуы мүмкін. Алайда әкімдіктер қазірдің өзінде осы табиғи апаттың алдын алу шараларын қабылдап, дайындық жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Батыс Қазақстан облысы (БҚО):
Батыс Қазақстан облысы, өткен жылдары тасқыннан үлкен шығынға ұшыраған аймақ ретінде, биыл да тасқынға дайындық шараларын жалғастыруда. Мұнда 5 927 үй бүлініп, оның 2 828-і апатты деп танылды. Энергетикалық инфрақұрылымға келтірілген шығын 1,4 миллиард теңгені құрады. Облыс әкімдігі биыл 6 әлеуметтік нысанның күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтап, қалған 5 объект бойынша жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, аймақтағы 39 гидротехникалық құрылғының 6-ы апатты деп танылып, қазіргі таңда барлығы қалпына келтірілген.
Ақтөбе облысы:
Ақтөбе облысында да гидротехникалық құрылғыларды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. 2024 жылғы тасқын кезінде 15 гидротехникалық нысан бұзылған. Қазір Темір ауданында бірнеше плотиналар қалпына келтіріліп, тағы 19 қорғаныш плотинасы мен өзен жағалауларын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Ақтөбе су қоймасын қайта құру жұмыстары аяқталуға жақын.
Атырау облысы:
Атырау облысы да тасқыннан зардап шеккен аймақтардың бірі болып табылады. Қазір қаладағы Канал Курсайының 32 шақырымы тазартылып, тереңдету жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар Жем өзенінің жағалауын бекіту және қорғаныш плотиналарын салу жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімдігі тасқынға қарсы тағы 58 шақырым қорғаныш плотинасын салуды жоспарлап отыр.
Ақмола облысы:
Ақмола облысында 174 елді мекенде 65 шақырым су өткізу каналдары қазылып, 38 шақырым өзен арналары тазартылды. Сонымен қатар 110 шақырым плотиналар нығайтылып, 21 шақырым жаңа плотиналар салынды. Атбасар қаласында 400 үйді қорғау үшін шлюздер орнатылып, Жабай өзенінің түбі 2,5 шақырымға тереңдетілді.
Солтүстік Қазақстан облысы (СҚО):
СҚО-да өңірді қорғау үшін бұрынғыдан да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Петропавлда бірінші көмекші насос станциясы жаңартылып, жаңа габиондармен қорғау жүйелері орнатылды. Сондай-ақ, стратегиялық объектілерді қорғау үшін 4 метрлік дамба тұрғызылды.
Ақпарат inform.kz сайтынан алынған.