Қазақстан құрамасы халықаралық математикалық олимпиадада алты медаль жеңіп алды

28.07.2026 11:43 Мөлдір ҚАЙНАР
Қазақстан құрамасы халықаралық математикалық олимпиадада алты медаль жеңіп алды
45
Gov.kz

2026 жылғы 13-21 шілде аралығында Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында 67-ші Халықаралық математикалық олимпиада (International Mathematical Olympiad, IMO) өтті, деп хабарлайды Politico.kz.

Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.

Күміс медальді Алматы қаласындағы «Haileybury Almaty» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Тимур Мұрат, Алматы қаласындағы «NURORDA» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Әли Еркебұланұлы және Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы Батырхан Бейганов иеленді. Ал қола медальді Алматы қаласындағы «NURORDA» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Ерасыл Алтынбек, Астана қаласындағы Spectrum халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Марғұлан Шарел және Алматы қаласындағы «Haileybury Almaty» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Амирлан Аманжолов жеңіп алды.

Қазақстан құрамасын Қазақстан-Америка еркін университетінің президенті Асылбек Әбдіәшімұлы Исахов пен халықаралық және республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері Қанат Қайратұлы Сатылханов жетекшілік етті.

Халықаралық математикалық олимпиада 1959 жылдан бері өткізіліп келе жатқан әлемдегі ең беделді әрі ең көне пәндік олимпиадалардың бірі саналады. Қазақстан бұл білім додасына 1992 жылдан бері тұрақты қатысып келеді.

Осы уақыт ішінде ұлттық құрама олимпиадаға 34 рет қатысып, 16 алтын, 54 күміс және 86 қола медаль, сондай-ақ 30 Құрмет грамотасын иеленді. Бұл қазақстандық оқушылардың жоғары дайындық деңгейін, педагогтердің жүйелі еңбегін және Қазақстанның халықаралық олимпиадалық қозғалыстағы берік орнын тағы бір мәрте айқын көрсетті.

Войдите, чтобы оставить комментарий