"Қазақстан түрмесіне реформа керек": Әйелдер түрмесінің шынайы бет-бейнесі ашылды

Қазақстандағы әйелдер түрмесінің шынайы бет-бейнесі ашылды
Qazaq Airan Youtube арнасы жариялаған бейнематериалда Қазақстандағы әйелдер түрмелерінің ішкі ахуалы жайлы айтылды. Видеода түрмеде отырған әйелдердің көріп жатқан қорлықтары, қызметкерлер тарапынан жасалатын қысым мен бопсалау, сондай-ақ бостандыққа шыққаннан кейінгі қиын өмірлері сөз болды.
Материалда құқық қорғаушы Инга Иманбай сұхбат беріп, қазіргі түзеу мекемелеріне түбегейлі реформа қажет екенін атап өтті.
"Біздің түрмелер, ашығын айтқанда, кеңестік репрессия кезеңінен көп алшақтай алмай отыр. Тіпті тұрмыстық жағдайлардың өзі көп өзгермеген. Иә, адам заң бұзды, қылмыс жасады. Сот оны қоғамнан оқшаулап, бірнеше жылға түрмеге қамады. Жазаның мәні де сол. Бірақ бізде, өкінішке қарай, бұл принцип сақталмайды. Түрмеде отырған адамға қосымша жаза тағайындау немесе оған қысым көрсету ешкімнің құзырында емес. Алайда түрме қызметкерлері әлі күнге дейін сотталғандарды "тәрбиелеу" міндетін өздеріне жүктеп алған", – дейді Иманбай.
Оның айтуынша, азаптау фактілерінің тыйылмауы да осы көзқарастан туындайды. Қызметкерлер сотталғандарды адам ретінде емес, қылмыскер ретінде қабылдайды да, күш көрсету арқылы түзетеміз деп есептейді.
"Байқағанымыз, парақорлық пен жемқорлық түрме жүйесінде әлі де кең тараған. Мәселен, мемлекет қаржысын жымқырған жоғары лауазымды адамдар түрмеге түскен соң, тіпті жақсы өмір сүреді. Неге? Себебі олардың ақшасы бар. Сөйтіп, мемлекеттен ұрланған қаражат сол түрмеде жайлы өмір сүруге жұмсалады. Бұл әділет пе? Бұл қандай түзету?" – деп түйіндеді құқық қорғаушы.
Соңғы жаңалықтар





