Қазақстанда ақылы жолдар екі есеге көбейеді

Қазақстанда ақылы жолдардың саны екі есеге артады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, бюджетке түсетін жүктемені азайту және жолдардың өзін-өзі ақтауын қамтамасыз ету мақсатында реконструкция мен жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде ақылы жол жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде.
Бүгінде ел аумағында 3 200 шақырым ақылы жол бар. 2024 жылы бұл жолдардан 48 миллиард теңге табыс түскен. "Ағымдағы жылы қосымша 4 мың шақырым ақылы жол іске қосылады. Бұл учаскелерден түсетін кіріс 60 миллиард теңгені құрайды. 2025 жылы бұл көрсеткіш 100 миллиард теңгеге жетуі мүмкін," – деді министр.
Қазіргі таңда ақылы жолдардың қатарына Астана-Щучинск (211 км), Астана-Теміртау (134 км), Алматы-Қонаев (42 км), Алматы-Қорғас (295 км), Астана-Павлодар (375 км), Қонаев-Талдықорған (186 км), Тараз-Қайнар (238 км), Шымкент-Қызылорда (447 км), Шымкент-Тараз (90 км), Шымкент-Ташкент (84 км) секілді бағыттар кіреді.
Министрлік сонымен қатар жол сапасы төмен учаскелерде жүргізушілердің ақы төлеуден босатылуын қарастырып жатыр. "ҚазАвтоЖол" мәліметінше, бүгінде елімізде 3 221 шақырымды құрайтын 17 ақылы жол учаскесі жұмыс істейді. Оның 11-і 1-санаттағы жолдар болса, қалған 6 учаске 2 және 3-санаттағы жолдарға жатады.
Соңғы жаңалықтар




