Қазақстанда банк картасын басқа біреуге бергендер сотталады

Мәжіліс "ҚР Қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын толық қабылдады. Заң дропперлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейді, деп хабарлайды POLITICO.KZ Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қазір құжат сенаттың қарауында. Сенаторлардың мақұлдауынан кейін заң президенттің қол қоюына жіберіледі. Содан кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Жаңа заңға сәйкес, енді дропперлер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Айта кетейік, дроппер деген – алаяқтар ұрланған немесе заңсыз жолмен алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланатын адам. Дроппер – банк карталары соның атына рәсімделетін, ақша аударылатын және қолма-қол алынатын жалған тұлға.
Қолданыстағы заңнамада дропперлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуға құқықтық негіз жоқ. Сондықтан қазір дропперлер тек куәгер ретінде қарастырылады. Тек қасақана ниеті дәлелденген жағдайда алаяқтыққа сыбайлас ретінде тартылады.
Ресми құқықтық статистикаға сәйкес, тек 2024 жылы ақшаны жылыстатуға пайдаланылған 6 200 дроп-карта анықталған. Солар арқылы қылмыскерлер жалпы сомасы 24 миллиард теңге болатын ұрланған және алдау жолымен алынған қаражатты заңдастырған.
Соңғы жаңалықтар





