Қазақстанда газ бағасын көтеру ұсынылды
«QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Әлібек Жамауов «Самұрық-Қазына» қорының Қоғамдық кеңесінде елімізде газдың көтерме бағасын не себепті арттыру қажеттігін түсіндірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Әлібек Жамауовтың айтуынша, тауарлық газдың бағасы кезең-кезеңімен көтерілгеніне қарамастан, Қазақстан "көгілдір отын" үшін халыққа ең төменгі тарифтерді ұсынатын елдердің қатарында қалып отыр.
Бұл жағдай ұлттық компанияның жұмысына айтарлықтай салмақ түсіруде.
«Жақында 33% түзету енгізілгеніне қарамастан, QazaqGaz-дың ішкі нарықтағы жылдық субсидиялар деңгейі 200 млрд теңге көлемінде сақталып отыр. Бұл ретте, соңғы жылдардағы газ бағасының өсуі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың басым көпшілігінің өсуінен әлдеқайда төмен болды. Оның үстіне, соңғы онжылдықта қазақстандықтардың коммуналдық шығындарындағы газдың үлесі 6,4%-дан 5,2%-ға дейін төмендеді.
Газбен тұрақты қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды іске асыру және инфрақұрылымды дамыту үшін көтерме бағаны өзіндік құн деңгейіне дейін біртіндеп жеткізу қажет. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және Қазақстанның барлық өңірлерін сенімді газбен жабдықтауға кепілдік беруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Әлібек Жамауов.
Соңғы жаңалықтар