Қазақстанда таксимен жүру қанша тұрады: ең арзан және ең қымбат қалалар тізімі

25.11.2025 10:19 Арман Ермеков
Қазақстанда таксимен жүру қанша тұрады: ең арзан және ең қымбат қалалар тізімі
0
108
Фото: shutterstock

Елімізде такси қызметінің бағасы бір жыл ішінде айтарлықтай өзгере қоймаған. Дегенмен, жайлылық құны әр өңірде әрқилы. Яндекс Go қосымшасының деректеріне сүйене отырып, қай қалада такси шақыру тиімді, ал қай жерде қымбатқа түсетінін анықтадық, деп хабарлайды Politico.kz.

Әдетте «Эконом» тарифінің құны ауа райының құбылуына, сұраныстың артуына және балалар орындығы сияқты қосымша қызметтерге байланысты құбылып тұратыны белгілі. Соған қарамастан, базалық тарифтер бойынша айқын көшбасшылар мен аутсайдерлер бар.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, такси қызметі ең қолжетімді шаһар — Тараз. Мұнда көлікке отырғызу небәрі 220 теңге болса, әр шақырым үшін 60 теңге ғана сұрайды. Арзан баға бойынша келесі сатыда Екібастұз, Қызылорда және Түркістан қалалары тұр. Бұл өңірлерде базалық төлем 240 теңгеден басталады. Ақтөбеліктер үшін баға тұрақты — 270 теңге, ал Қостанай, Петропавл және Ақтау тұрғындары 280 теңге төлейді.

Бірқатар қалаларда бағаның шамалы өскені байқалады. Мәселен, Талдықорғанда отырғызу құны 285 теңгеге дейін көтерілсе, Павлодарда 290 теңге деңгейінде сақталған. Орал мен Семейде бұл көрсеткіч 300 теңгені құрайды.

Ал мегаполистер мен ірі орталықтарда жағдай өзгешерек. Шымкентте бағаның сезілеріктей өскені байқалады: бұрынғы 290 теңгенің орнына қазір 310 теңге сұралады. Атырау мен Қарағандыда такси шақыру 320 теңгеден басталады.

Дегенмен, ел ішіндегі ең қымбат тарифтер күтпеген жерде тіркелді. Километріне шаққандағы ең жоғары баға Өскеменде болып шықты: отырғызу — 370 теңге, ал әр шақырымға 73 теңге төлеуге тура келеді. Бұл — ел бойынша рекордтық көрсеткіш.

Әлбетте, дәстүрлі түрде ең қымбат қалалар көшін Астана мен Алматы бастап тұр. Еліміздің бас қаласы мен оңтүстік астанасында таксиге жай ғана отырудың өзі 420 теңгеге шығады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий