Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы бөлім құрылды

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресті күшейту мақсатында Ішкі істер министрлігінің барлық бөлімшелерінде арнайы бөлімдер құрылды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыровтың айтуынша, жаңа бөлімше тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, мониторинг жүргізу және жәбірленушілерді қорғау бойынша кешенді жұмыс атқарады.
"Тұрмыстық зорлықтың алдын алу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Ерекше тәуекел тудыратын отбасылар бақылауға алынады. Полицияға ресми арыз түспей тұрып та қауіп-қатер деңгейі анықталады. Агрессорлар үшін психологиялық көмек пен міндетті реабилитация қарастырылған," – деді Зұлқайыров.
Сонымен қатар, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресті күшейту үшін жаңа цифрлық платформа іске қосылады. Бұл жүйе жағдайды талдауға, қауіптерді болжауға, заңнамалық механизмдердің тиімділігін бақылауға және тиісті шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
Жәбірленушілерді қорғау мақсатында жаңа шаралар енгізілді. Олардың қатарында зорлық көрсеткен адамды уақытша үйден шығару және қорғау ордерлерінің қатаң орындалуын бақылау бар.
"Жәбірленушілерге заңгерлік және психологиялық көмек көрсетіліп, құқық қорғау органдарының қадағалауында болады. Біз зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау үшін заңнаманы күшейтіп, қылмыстық жауапкершілікті арттырдық. Осы жылдың нәтижесі бойынша ауыр қылмыстардың 2,2%-ға төмендеуі байқалды," – деп мәлімдеді ІІМ өкілі.
Халықаралық тәжірибе тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуде маңызды рөл атқарады. POLITICO.KZ тілшісі Абзал Бахытжановтың "Мемлекет халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орната ма?" деген сұрағына ҚР ІІМ өкілі Ақмарал Серікбаева былай жауап берді:
"Біз халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Германияның арнайы қорының қолдауымен пилоттық жоба жүзеге асырылып, жаңа әдістемелер енгізілді. Біздің мамандар Германияда оқытылып, шетелдік сарапшылармен тәжірибе алмасты. Қазіргі уақытта бұл жобаның негізінде Қазақстандық стандарт жасақталып, заңнамалық түрде енгізілді."
ІІМ өкілдерінің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары әрі қарай да күшейтілетін болады.
Соңғы жаңалықтар





