Тоқаев екі жыл бұрынғы тапсырмаларын тексеруге Теміртауға қайта келді
Екі жыл бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртаудағы Qarmet комбинатына келгенде кәсіпорынды жаңғырту, экологиялық ахуалды жақсарту және қаладағы трамвай қозғалысын қайта іске қосу мәселесін көтерген еді, деп хабарлайды Politico.kz.
2024 жылғы 14 тамызда Ақорда Теміртауда сол жылдың күзінде трамвай желісі қалпына келтірілетінін хабарлаған. Президент сол сапарда жобалардың мерзімі мен сапасына қатаң қарауды тапсырып, Qarmet-тің бұрынғы даңқын қайтару қажет екенін айтқан.
Сол кезде Тоқаев комбинатқа жыл сайын келіп, оның қалай дамып жатқанын бақылап отыратынын да мәлімдеген.
«Ең басты міндет – Qarmet кәсіпорнының баяғы даңқын қайтарып, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса мән беру. Бұл бағыттағы жұмыс басталып кетті. Одан хабардармын. Мен комбинатқа жыл сайын келіп, оның даму барысымен танысып тұрамын», – деген еді Президент 2024 жылы.
Бүгін, 2 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына қайта келді. Сапардың негізгі бөлігі тағы да Теміртауда өтіп жатыр: Президент өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, өңірдегі өзгерістермен танысты.
Трамвай қайта жүрді
2024 жылы айтылған жоспардың ең көзге көрінетін нәтижесінің бірі – Теміртаудағы трамвай.
2 қарашада Президент жаңартылған трамвайға отырып, Республика даңғылынан «Инженер» аялдамасына дейін жүріп өтті. Қаладағы 30 шақырым трамвай жолы қалпына келтіріліп, ауыстырылған, сегіз жаңа вагон сатып алынған. Трамвай қозғалысы қайта басталғалы 1 миллионнан астам жолаушы тасымалданған.
Бұл қозғалыс бір кезде мүлде тоқтап қалған еді. Теміртауда трамвайлар 2023 жылғы ақпанда жүруін тоқтатты. Жаңа инвестор келгеннен кейін Qarmet трамвай жүйесін қалпына келтіруді әлеуметтік жобаларының біріне айналдырып, 2024 жылы жолды жөндеп, жаңа вагондарды сынақтан өткізе бастады.
Бүгін Тоқаев осы мәселені арнайы еске алды.
«Тұрғындардың трамвай қатынасын қалпына келтіру туралы талабын орындағаныңыз дұрыс болыпты. Комбинатқа алғаш келгеніңізде Теміртау қаласын абаттандырумен міндетті түрде айналысу қажет деп айтқан едім. Өйткені қала күтім көрмей, тозып кетті», – деді Президент.
Мемлекет басшысының бүгінгі сөзінен оның жаңа инвестор келген кезде Qarmet басшылығына тек өндірісті емес, Теміртау қаласының өзін де ретке келтіру міндетін қойғаны белгілі болды. Президенттің айтуынша, жұмыс әлі көп, бірақ қаладағы өзгерістер қазірдің өзінде байқалады.
Газ бен экология да бұрын көтерілген
Тоқаев Qarmet-тің экология мәселесін бұған дейін бірнеше рет көтерген. 2024 жылғы қаңтарда компания басшысы Андрей Лаврентьевпен кездескен кезде Президент Теміртаудағы экологиялық ахуалды жақсарту үшін кәсіпорын жабдықтарын газға көшіру жөнінде түбегейлі шара қабылдау қажет екенін айтқан.
Сол жылдың тамызында Теміртауға барған кезде Мемлекет басшысы комбинатты табиғи газға көшіру бастапқы кезеңнің өзінде қоршаған ортаға түсетін зиянды 30 пайызға азайтуы мүмкін екенін атап өткен.
Ал бүгін Президент Теміртау тұрғындарының табиғи газбен қамтамасыз етілгеніне назар аударды. Оның сөзінше, қала халқы болып жатқан оң өзгерістерді байқап отыр.
Комбинаттағы өзгеріс
Тоқаевтың Теміртауға қатысты ұстанымы тек трамвай немесе қаланы абаттандырудан басталған жоқ. Президент «АрселорМиттал Теміртау» мәселесін бірнеше жыл бұрын ашық көтерген.
2022 жылғы желтоқсанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы кәсіпорында 2006 жылдан бері 20-дан астам апат болып, жүзден астам адам қаза тапқанын айтқан. Ол компанияны еңбек, экология және салық заңнамасын бұзды, инвестициялық міндеттемелерін орындамады деп сынап, қоғам «әділ, қатаң және шұғыл шаралар» күтетінін мәлімдеді.
2023 жылғы 28 қазанда Костенко шахтасындағы апаттан кейін Теміртауда өткен жедел штаб отырысында Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» акционерлерімен кәсіпорынды Қазақстан Республикасының пайдасына беру жөніндегі мәмілені аяқтауға жақын екенін Президентке баяндады.
Кейін кәсіпорын Qarmet атауымен отандық инвестордың басқаруына өтті. 2024 жылғы тамызда комбинатты аралаған Тоқаев бұл шешімді дұрыс деп бағалап, жаңа инвестордың жұмысқа бірден кіріскенін айтқан.
Екі жылдан кейінгі көрсеткіштер
2 қарашадағы сапар кезінде Тоқаев Qarmet-тің конвертер цехын да көрді. Компания 2024 жылы №1 және №2 конвертерлерге күрделі жөндеу жүргізіп, олардың корпустарын толық ауыстырған. Қазір бірқатар технологиялық үдерісті табиғи газға көшіру жалғасып жатыр.
2026 жылдың қорытындысында 4 миллион тонна болат, 3,6 миллион тонна көмір концентраты және 3,9 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіру жоспарланған. Компания жұмысы басталғалы инвестиция көлемі 2,7 миллиард доллардан асқан. Қаражат қолданыстағы өндірісті жаңғыртуға және жаңа нысандар салуға жұмсалған.
Бұдан бөлек, Теміртауда жаңа сортты прокат кешені салынып жатыр. Оның жобалық қуаты жылына 540 мың тоннадан астам дайын өнім шығаруға жетеді. Жаңа цех А600 және А1000 санатындағы беріктігі жоғары арматура, швеллер, бұрыштар және басқа металл өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді.
Комбинатта №8 және №9 жаңа кокс батареялары да салынып жатыр. Олардың жалпы қуаты жылына 1,5 миллион тонна құрғақ кокс өндіруге есептелген. Бұл қуаттар 1960 жылдары салынған ескі батареяларды алмастыруы тиіс.
«Қала күтім көрмей, тозып кетті»
Бүгін Президент екі жыл бұрын көтерген мәселелеріне қайта оралды: трамвай жүріп тұр, қала газға қосылған, комбинатта өндіріс жаңарып, жаңа нысандар салынып жатыр. Бірақ Тоқаев Теміртауда әлі де жұмыс көп екенін ашық айтты.
«Әлі де атқарылатын жұмыс көп, дегенмен бастамасы жақсы. Теміртау тұрғындары табиғи газбен қамтамасыз етілді. Байқауымша, халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Өйткені адамдар айналадағы оң өзгерістерді байқап, алғыстарын білдіруде», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Qarmet-ке қатысты да бұрынғы мақсатын қайталады:
«Біз комбинатты міндетті түрде прогресс пен табыстың символына айналдырамыз, тіпті оны өркендетеміз», – деді Мемлекет басшысы.
Соңғы жаңалықтар