Қазақстандық спортшыларға тамақ дайындау үшін аспаздар Қытайға аттанды
Қазақстан IX қысқы Азиадада спортшыларға қолдау көрсету үшін Қытайға аспаздарын жібереді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, отандық атлеттердің дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету маңызды. Бұл мәселе Азиада ұйымдастыру комитетімен бірлесіп шешілді.
«Спортшылардың тамақтануы, тұруы бойынша сұрақтар толық шешілді. Біздің мамандар спортшылардың келуіне дейін Қытайға барып, барлық ұйымдастыру мәселелерін реттейді. Сонымен қатар, аккредитация, медициналық қолдау және басқа да мәселелер бойынша жұмыстар жүргізілуде», – деді Мырзабосынов.
IX қысқы Азиада 2025 жылдың 7-14 ақпан аралығында Қытайдың Харбин қаласында өтеді. Жарысқа Қазақстанның 138 спортшысы қатысады.
Министрдің айтуынша, спортшылардың формасын демеушілер берген, бірақ демеушілердің есімдері мен шығын сомасы жария етілмеді.