Қазақстандық зергерлік бренд әлемді тәнті етті

Қазақстандық зергерлік бренд әлемді тәнті етті
21.05.2025 12:43
0
62
коллаж politico.kz

Францияның Канн қаласында өтіп жатқан әйгілі 78-ші халықаралық кинофестивальде қазақ зергерлік өнері ерекше жарқырады. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген кино жұлдыздары мен сән иелерінің арасында қазақстандық Saltanat Diamond Gallery бренді ұсынған бұйымдар үлкен қызығушылық тудырып, қызыл кілемде сән мен мәдениеттің тоғысқан нүктесіне айналды.

Британдық актриса Ханна Уоддингем — «Тед Лассо» және «Мұрагершілік» сериалдарымен танымал — «Миссия: мүмкін емес – ақырғы қайтарым» фильмінің тұсаукесеріне отандық зергерлер жасаған сырға, сақина, білезік және кулон тағып шықты. Оның сәнді келбеті бірден әлемдік сән басылымдарының назарына ілікті. Ханна бұл брендтің бұйымдарын бұған дейін де арнайы фотосессия кезінде тағып, оларды гүлді көйлекпен үйлестірген.

Сән әлеміндегі тағы бір жарқын есім — Фархана Боди де осы зергерлік брендтің бұйымдарын таңдаған. Ол қызыл кілемде Зухра ательесі тіккен киіммен үйлескен әшекей жиынтығын тағып, көз тартарлық бейнесімен көпшілікті тәнті етті. Кейіннен осы образы Harper’s Bazaar Kazakhstan журналының 2025 жылғы Канн фестиваліндегі ең әсерлі келбеттер қатарына енді.

Saltanat Diamond Gallery бұйымдары халықаралық деңгейде кеңінен танылып келеді. Мәселен, Испанияда өткен «Белоснежка» фильмінің жарнамалық туры кезінде актриса Рэйчел Зеглер осы брендтің сақиналарын тағып шығып, Эли Саабтың сәнді көйлегімен үйлестірді.

Сондай-ақ, бұл брендтің туындылары бұған дейін Парижде өткен жоғары сән апталығында да көрсетілген болатын. Сол жерде Голливуд жобаларында жұмыс істейтін белгілі стилист Сара Слудский қазақстандық зергерлік бұйымдарға қызығушылық танытқан.

Saltanat Diamond Gallery — қазақтың бай мәдениеті мен ұлттық нақыштарын заманауи үлгіде ұсынатын зергерлік үй. Олар ұсынатын әрбір бұйым — қазақтың тарихын, дәстүрін және рухын бойына сіңірген туынды. «Ұлытау», «Дала қызы», «Махаббат» секілді топтамалар ұрпақтар сабақтастығы мен этникалық мұра тақырыптарына арналады. Бұл бренд жай ғана әшекей жасамайды — олар өткен мен бүгіннің арасын жалғайтын мәдени көпір жасайды.

Қазақ зергерлерінің еңбегі осындай беделді шараларда танылып, әлемдік сән сахнасына шығуы — отандық өнердің жаңа биікке көтерілгенінің айқын дәлелі.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий