Қазақстандық жігіт шетелге оқуға барып қызтеке болып оралған

20.07.2026 14:15 Томирис САҒЫНДЫҚ
Қазақстандық жігіт шетелге оқуға барып қызтеке болып оралған
178
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Танымал психоаналитик Анна Құдиярова шетелде білім алып жүріп, өз жынысына деген құштарлығы оянған отандасымыздың басынан өткен күрделі жағдайды мысалға келтірді. Осы оқиға арқылы маман ер азаматтардың гейге айналуының астарында қандай психологиялық факторлар мен балалық шақ жарақаттары жатқанын егжей-тегжейлі талдап берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы психоаналитик журналист Айнұр Асанбердіге берген сұқбатында әңгімеледі.

 «ЛГБТ өкілдері, оның ішінде гейлер мен лесбиян қыздар көп пе?» – деп сұрады журналист.

«Менде нақты зерттеулер мен статистикалық мәліметтер жоқ. Бірақ маған жүгінген адамдардың мысалына сүйенсек, олардың көбі үрей құшағында жүргенін байқаймын. Қазір бұл мәселеге қатысты жаңа заң қабылданғандықтан, қорқыныштары бұрынғыдан да үдей түсті. Ілгеріде олар маған хабарласқанда аты-жөндерін жасырып, WhatsApp арқылы емес, телефон нөмірі көрінбейтін электронды пошта мен түрлі жасырын адрестерден жазатын. Осының өзінен-ақ олардың қоғамнан қаншалықты қорқатынын түсінуге болады. Олардың көбі сыртта таяқ жеп, зорлық-зомбылыққа тап болғандар, сондықтан оларға емдік, психологиялық көмек ауадай қажет. Бұл мәселенің де өзіндік түрлі себептері бар», – деді Анна Құдиярова.

Ары қарай психоаналитик шетелге үлкен үмітпен оқуға аттанып, жат орта мен жалғыздық қыспағында жүріп, өз жынысына — ұл балаға деген сезімі оянған жігіттің күрделі тағдыры мен ішкі арпалысқа толы оқиғасын бөлісті.

 «Егер адамның өзінде осыдан арылсам деген шынайы талпыныс болса ғана нәтиже шығады. Мен алдыма келген адамнан әрдайым: «Менің көмегім сізге қай бағытта қажет? Қазіргі өмір салтыңызбен бақытты болуды қалайсыз ба әлде бұл уақытша нәпсі мен құмарлықтан арылып, дәстүрлі өмір жолына қайтқыңыз келе ме?» – деп нақты сұраймын. Осы орайда бір сәтті мысалды бөлісе кетейін. Бірде маған шетелде жүрген бір жігіттің жеңгесі WhatsApp арқылы хабарласты. Ол қайнысының жағдайы қиындап, елге қайтарылып жатқанын айтып: «Аэропорттан қона салысымен бірден сізге апарамыз, қабылдайсыз ба?» – деп өтінді. Мен онымен сөйлесуге келістім, бірақ жігіттің өз ықыласы белгісіз болғандықтан, алдын ала ешқандай кепілдік бере алмайтынымды ескерттім. Жігіт қабылдауыма келгенде, оның сырт келбеті, киім киісі мен жүріс-тұрысы жылдар бойғы әдеттің әсерінен қыз балаға қатты ұқсап кеткен еді. Дегенмен, сөйлесе келе оның: «Апай, мен бұл өмірден шаршадым, үйленіп, бала сүйгім келеді, маған көмектесіңізші» – деген шынайы ниетін көрдім. Өзі оңтүстік өңірдің ауылынан шыққан екен. Ол жақта мұндай мәселені ашық айту мүмкін болмаған соң, шетелде еркін жүрген», – деді психоаналитик.

Сондай-ақ, Анна Құдиярова ер азаматтың гей болуына әсер ететін терең психологиялық себептерді ашып көрсетті. Психоаналитиктің пайымдауынша, бала күнінен әкенің шынайы мейіріміне, жылы сөзі мен ыстық құшағына зәру болып, еркек жынысты жақын адамнан қамқорлық көрмей өскендердің ішкі жан дүниесінде осындай болмыс қалыптасуы мүмкін.

«Біз онымен біраз уақыт жұмыс істедік. Мен терапия барысында міндетті түрде отбасын тартатындықтан, ауылдан анасы мен жанашыр жеңгесін алдырттым. Мәселенің түп-тамырын терең зерттей келе, біз мынадай психологиялық факторды анықтадық, дәл осындай жағдай жақында келген тағы бір жігіттің тарихында да қайталанды: Бала кезінде әкесі ішімдікке салынған, отбасына мүлдем көңіл бөлмеген адам екен. Жігіттен: «Бала күніңізде әкеңізден бір жылы сөз естідіңіз бе немесе жаңа жылда, туған күніңізде сізді құшақтады ма?» – деп сұрағанымда, ол ешқандай жылылықты есіне түсіре алмады. Тіпті анасынан да «айналайын, алтыным, құлыным» деген сөздерді естімеген. Оның балалық шағында жадында жатталып қалған сөздер тек: «Сенен адам шықпайды, үйден кет, көзіме көрінбе, сен маған ұл емессің» деген ауыр балағаттар еді. 8 жасар балаға мұндай сөздерді айту оның психологиясын мүлдем талқандап тастаған. Бұл баланың ішкі жан дүниесі біреудің мейірімі мен ыстық құшағына өте зәру болған. Сондықтан ол гейлер ортасына тап болғанда, олардың көрсеткен жалған жылылығы мен құшағын әке мен ана мейірімінің орнына қабылдаған. Ол саналы түрде еркектің құшағына зәру екенін сезініп, солай қарай бет бұрған», – деп түсіндірді Анна Құдиярова.

Сөз соңында маман бұл хикаяның бақытты аяқталғанын сүйіншіледі. Психологиялық көмек пен ішкі талпыныстың арқасында тығырықтан шыққан ер азамат өз бизнесін ашып, шаңырақ көтерген және бүгінде сүйікті жарымен бірге балалы-шағалы болып, бақытты ғұмыр кешіп отыр.

«Алайда, маған келген осы жігіт мәселені саналы түрде түсінді. Біз онымен, анасымен және жеңгесімен бірге жарты жылдай тынымсыз жұмыс істедік. Терапиядан кейін ол біраз уақыт көрінбей кетті. Жақында ол маған өзінің, келіншегінің және бір жасар балапанының бірге түскен суретін жіберіпті. Хатында: «Апай, сізге мың алғыс! Мен қазір өте бақыттымын. Шетелден жинаған ақшама өз бизнесімді аштым. Мамам да, әйелім де бақытты, отбасымды қатты жақсы көремін» – деп жазыпты. Бір жылдың ішінде адам өмірінің осылай оңға бағытталғаны мені қатты қуантты. Осындай сәтті, жақсы нәтижелер де болып тұрады», – деді Анна Құдиярова.

Войдите, чтобы оставить комментарий