Қазақстандықтар Ираннан қалай ұшып кете алады?
Қазақстан Таяу Шығыстағы азаматтарын Армения, Әзербайжан, Түрікменстан елдерінің шекаралары арқылы елге әкеледі, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрліктің мәліметінше, армян тарапымен Қазақстан азаматтарының Армения аумағы арқылы эвакуациялануы жағдайында Иран-Армения шекарасынан кедергісіз өту мәселесі келісілді. Арменияның сыртқы саяси ведомствосының басшылығымен тұрақты байланыс сақталуда.
Осыған ұқсас жұмыс Әзербайжан тарапымен де жүргізілді, олар эвакуация мәселелері бойынша қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді. Елдің құрлықтағы шекара өткелдеріндегі өткізу тәртібі шектеулі болғандықтан, шекарадан өту үшін арнайы рұқсат қажет.
Екі азаматтың өтініші негізінде Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігі Ираннан «Джульфа» бақылау-өткізу пункті (Нахчыван) арқылы кіруге жедел түрде рұқсат алды.
Түрікменстан тарапы да қазақстандық азаматтардың эвакуациясы үшін мемлекеттік шекарадан өтуге жәрдем көрсетуге дайын екенін растады.
Аталған бағыттағы жұмыс үздіксіз жалғасуда, қосымша түсіндірмелер Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің және шет елдердегі мекемелердің ресми ақпараттық ресурстары арқылы жарияланып отырады.
Жедел ақпараттандыруды қамтамасыз ету мақсатында Сыртқы істер министрлігі заманауи цифрлық құралдарды, соның ішінде Kaspi инфрақұрылымын пайдаланды. Компаниямен бірлесіп хабарламалар жүйесі жолға қойылып, өңірдегі азаматтардың мобильді құрылғыларына ресми ақпарат пен түсіндірмелердің дер кезінде жеткізілуі қамтамасыз етілді.
Министрліктің мәліметінше, Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы азаматтарының арасында зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Соңғы деректерге сәйкес, шиеленіс аймақтарында Қазақстан азаматтарының ең көп саны танымал туристік бағыттар, қажылық сапарлары орындары, сондай-ақ транзиттік хабтар шоғырланған жерлерде. Оның ішінде БАӘ-де шамамен 3 500 адам, САК - шамамен 3 000 адам және Қатарда 1 500-ге жуық адам.
Өңірдің басқа мемлекеттерге келсек, дипломатиялық өкілдіктердң ақпаратына сәйкес Иранда 82 Қазақстан азаматы, Бахрейнде – 168 азамат, Кувейт пен Иорданияда – әрқайсысында 134 азаматтан, Израильде шамамен 100 азамат тіркелген.
Әскери іс-қимылдар басталғаннан бері өңір елдерінің басым бөлігінде әуе кеңістігі жабылған. Әуе тасымалдаушылары рейстерді тоқтатуға мәжбүр болғандықтан, Қазақстанның шет елдердегі мекемелері туристік компаниялармен бірлесіп азаматтарды қонақүйлерге уақытша орналастыру жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, БАӘ қонақүйлерінде біздің азаматтарға жағдай тұрақталғанға дейін тұру және тамақтану қамтамасыз етілген.
Соңғы жаңалықтар