"ҚазТАГ" бас редакторы үйқамақтан қамауға алынды

15.06.2026 14:49 Абзал БАХЫТЖАНОВ
143
Коллаж Politico.kz

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында өтіп жатқан процесс барысында «ҚазТАГ» ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновке қатысты бұлтартпау шарасы өзгертілді. Прокурордың өтінішімен үйқамақ шарасы күзетпен ұстауға ауыстырылды, деп хабарлайды Politico.kz Алматы соттарына сілтеме жасап. 

Сотта А. Қасенов, А. Матаев және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық істі қарау ресми түрде жалғасып жатыр. Кезекті отырыс барысында мемлекеттік айыптаушы тарап процессуалдық талаптардың бұзылуына байланысты жаңа өтінішхат түсірді.

Соттың 2025 жылғы желтоқсандағы қаулысына сәйкес, Әмір Қасеновке үйқамақ шарасы таңдалып, интернет пен байланыс құралдарын пайдалануға шектеу қойылған болатын. Биыл маусым айында іс өндіріске алынған кезде де бұл шара өзгеріссіз қалған.

Алайда, сот мәліметінше, маусым айының басында және 15 маусым күні медиа кеңістікте қаралып жатқан іске және медиация мәселесіне қатысты бейнеүндеулер жарияланған. Бұл әрекеттер интернетті пайдалануға салынған тыйымды бұзу деп бағаланды. Оған қоса, айыпталушы 11 маусымға белгіленген басты сот талқылауына келе алмаған.

Осы мән-жайларды және тараптардың пікірін толық зерттеген судья прокурордың өтінішхатын қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.

Еске салайық, 15 маусымда Алматыда «ҚазТАГ» агенттігі мен «Freedom Finance» брокерлік компаниясына қатысты іс бойынша басты сот талқылауы басталды.

Айыпталушылар қатарында агенттіктің бас редакторы Әмір Қасенов, бас директоры Әсет Матаев, астаналық Жанна Қапарова және «Malim Media» құрылтайшысы Уәлихан Рамазанов бар. Оларға қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату, бұзақылық және міндеттерге адал қарамау баптары бойынша айыптар тағылған.

Келесі сот отырысы 22 маусым күні сағат 10:00-ге жоспарланып отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий