Жамбылда есірткімен ұсталған ресейлік рэпер Navai ел алдына шықты: журналистерге не деді?

Жамбылда есірткімен ұсталған ресейлік рэпер Navai ел алдына шықты: журналистерге не деді?
Фото: ашық дереккөз

Қазақстаннан еліне қайтарылған ресейлік рэпер Наваи Бакиров (Navai) атышулы істен кейін Мәскеуде алғаш рет сахнаға шықты. Алайда ол Қазақстанда ұсталу жағдайына қатысты журналистердің сұрақтарына түсініктеме беруден қашты, деп хабарлайды Politico.kz.

SHOT Telegram-арнасы жариялаған бейнежазбаға сәйкес, музыканттың алғашқы жеке кеші 8 қараша күні Мәскеудегі клубтардың бірінде өткен.

Мәліметтерге қарағанда, концерт аяқталғаннан кейін түн ортасында рэпер ғимараттан VIP-шығу есігі арқылы шыққан. Онда оны жанкүйерлері мен тілшілер күтіп тұрған болатын.

Navai бірнеше тыңдарманымен естелік суретке түскенімен, БАҚ өкілдерінің Қазақстандағы ұсталуы мен депортациясына қатысты қойған сұрақтарын жауапсыз қалдырды. Сол сәтте оққағарлары журналистердің жолын бөгеп, рэпер өз спорткарына мініп, кетіп қалған.

Қазақстандағы даулы оқиғаның мән-жайы

Еске сала кетейік, 14 қазанда рэпердің Астанада өтуі тиіс концерті өтпей қалып, ұйымдастырушылар шараның тоқтатылғанын хабарлаған еді.

Көп ұзамай Жамбыл облыстық полиция департаменті Наваи Бакировтың есірткі контрабандасы күдігімен ұсталғанын, осыған байланысты қылмыстық іс қозғалып, әншінің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді. Сол кезде оның директоры Рауф Гусанов пікір білдіруден бас тартса, орындаушының анасы бұл оқиғаны «ұйымдастырылған арандатушылық» деп бағалап, ұлының жақында босап шығатынына сенім білдірген.

Бұл оқиға көрші елде де резонанс тудырды. Қырғызстанның Шекара қызметі музыканттың шекарадан тыйым салынған заттармен қалай өткенін анықтау үшін қызметтік тексеру жүргізетінін мәлімдеген.

15 қазанда рэперді қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Рэпердің адвокаты Рена Керимова қорғау тарабы айыппұлмен шектелуге тырысатынын айтқан еді.

Кейін, 20 қазан күні Navai-ға қатысты қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылып, музыкант Қазақстан аумағынан мәжбүрлі түрде шығарылды.
 

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу