«Қиналып кеттім дейтін»: Маңғыстауда көз жұмған сарбаздың туыстары сұмдық мәлімдеме жасады

«Қиналып кеттім дейтін»: Маңғыстауда көз жұмған сарбаздың туыстары сұмдық мәлімдеме жасады
09.10.2025 09:26
0
401
видеодан алынған кадр

Маңғыстау облысындағы Үстірт шекара қызметінде борышын өтеп жүрген 20 жастағы Еркебұлан Сағындықтың өлімі қоғам назарын аудартты. Әскери бөлім өкілдері туыстарына оның жанармай иісінен уланып көз жұмғанын хабарлағанымен, қара жамылған отбасы бұл мәліметке сенімсіздік білдіруде.

Себебі марқұм әскерде жүрген кезінде қиналып жүргенін айтып, жиі ақша сұраған және басқа бөлімге ауыстыруды өтінген екен. Еркебұланның анасы Гүлназ Жұмабаева ұлының өліміне әскери қызметкерлердің қатысы бар болуы мүмкін деп күдіктенеді. Оның айтуынша, ұлы өлерінен бір апта бұрын ғана хабарласып, өзін жайсыз сезінгенін, көңіл күйінің түсіп жүргенін жеткізген. Ал сарбаздың ғашығы Ақниет Мұқан Еркебұланның соңғы хаттарында жағдайының ауыр екенін, бөлімде сарбаздарға жағдай жасалмағанын және жиі ақша сұрағанын айтады. Тіпті ол бұзылған қозғалтқышты жөндетуге қаржы аударуға да мәжбүр болғанын бөлісті.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын және тергеу жүріп жатқанын растады. Ресми мәліметте қайғылы жағдайдың себебі техникалық жұмыстар кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындағаны айтылғанымен, толық ақпарат әлі жарияланған жоқ. Әкесінен ерте айырылған Еркебұлан Сағындық – үйдің кенжесі, медициналық колледжде оқып, әскерден кейін үйленуді жоспарлаған жас жігіт болған. Өкінішке қарай, оның арманы орындалмады. Туыстары тергеудің әділ өтуін және кінәлілердің жазасын алуын талап етуде.

Айта кетерлігі, бұл — бір апта ішінде шекара қызметінде болған екінші сарбаз өлімі. Бұған дейін, 5 қазанда Алматыдағы әскери бөлімде борышын өтеп жүрген 18 жастағы жауынгер де қаза тапқан еді. Бұл оқиғалар қоғамда әскери бөлімдердегі сарбаздардың қауіпсіздігі мен жағдайына қатысты үлкен күмән мен алаңдаушылық туғызып отыр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий