Бектенов Мақсұтовтың неге кеткенін түсіндірді
Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовтың қызметтен босатылуына қатысты пікір білдірді. Ол бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Отырыста Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шаралары қаралды.
Бектеновтің айтуынша, Президент Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларындағы электр станциялары жобалары елдің энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін айтқан.
«Жаңа электр станцияларын салу және қуаттарды іске қосу мерзімдерінің сақталуына бақылау жеткіліксіз болғандықтан, кеше «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовты қызметінен босату туралы шешім қабылданды. Бұған дейін оған бірнеше рет ескерту жасалды. Кеше Мемлекет басшысы да сын айтты. Сондықтан осындай шешім қабылданды», деді Бектенов.
Премьер-министр Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорына аталған жобаларды жүзеге асыру және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін шаралар қабылдауды тапсырды.
Бектеновтің сөзінше, Мақсұтовтың қызметінен босатылуына компанияның стратегиялық инвестициялық жобаларының баяу жүзеге асырылуы және жаңа электр қуаттарын салу мен пайдалануға беру мерзімдерінің сақталуына бақылаудың жеткіліксіздігі себеп болған.
Еске салайық, Қайрат Мақсұтов кеше «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылды. Бұған дейін, шілдеде, Олжас Бектенов оған қатаң ескерту жасаған болатын.
Соңғы жаңалықтар