Қоқыс үйіндісінен тұрғын үйлер көрінбейді: Шымкентте «Жаңа адамдар» заңсыз қоқыс үйіндісін жоюға қол жеткізді

22.09.2026 19:47 Қанат АЙБАР
Қоқыс үйіндісінен тұрғын үйлер көрінбейді: Шымкентте «Жаңа адамдар» заңсыз қоқыс үйіндісін жоюға қол жеткізді
79

Шымкентте үш жыл бойы «Жаңа адамдар» қозғалысының AntiTrash азаматтық науқаны аясында заңсыз қоқыс орындарын анықтау жұмыстары жүргізіліп келеді. Спутниктік мониторинг деректеріне сәйкес, биыл шаһарда қалдықтарды заңсыз орналастырудың 46 орны тіркелген. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Politico.kz.

Рейдтер барысында белсенділер Сәуле шағынауданындағы тұрғын үйлердің іргесінде орналасқан ірі қоқыс орнын анықтады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл аумаққа бірнеше жыл бойы тұрмыстық және құрылыс қалдықтары үздіксіз төгіліп келген. Тіпті қоқыстың көптігінен кейбір үйлер көрінбей, көлік жолы жабылып қалған. Азаматтық науқаны өкілдері аз уақыт ішінде қалдық төгіп кеткен бірнеше «КамАЗ» жүк көлігін тіркеді.

Аталған аумаққа жауапты Әл-Фараби ауданы әкімінің міндетін атқарушы Берік Жанаев тұрғындардың шағымдарына берген жауабында қоқыстың жерді тегістеу үшін тасымалданғанын айтып, тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатқанын алға тартқан болатын.

Санитарлық және экологиялық нормаларға сай келмейтін аумақты AntiTrash науқаны өз күшімен оқшаулап, қоқыс төгетін жолды қоршаулармен жауып тастады. Осыдан кейін жауапты тұлғалар қоқыс орны 2026 жылдың көктемінде толық жойылатынын мәлімдеді.

«Жаңа адамдар» қозғалысы қайта тексеру жүргізіп, заңсыз қоқыс үйіндісінің толығымен тазартылғанын растады.

— Көріп отырғанымыздай, қоқыс үйіндісі жойылды. Біз үшін басты нәтиже — нақты әрекеттің болуы. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы қоғам тазалығы әрқайсымыздың саналы шешімімізден басталады, — деді «Жаңа адамдар» қозғалысының өкілі Ерасыл Бауыржан.

Войдите, чтобы оставить комментарий