Құлсарыда су тасқынынан кейін салынған 100 үйге оптикалық интернет желісі тартылды

15.09.2026 17:02 Қарақат АСЫЛОВА
Құлсарыда су тасқынынан кейін салынған 100 үйге оптикалық интернет желісі тартылды
53
Фото: Қазақтелеком

Атырау облысының Құлсары қаласындағы «Болашақ» шағынауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға салынған үйлер жоғары жылдамдықты интернетке қосылуға мүмкіндік алды. Бұл туралы «Қазақтелеком» компаниясының мәліметіне сүйеніп, Politico.kz хабарлайды.

2024 жылдың көктемінде Құлсары өңірдегі тасқыннан ең көп зардап шеккен қалалардың бірі болып, көптеген отбасы баспанасынан айырылды. «Болашақ» шағынауданы осы тұрғындар үшін салынған.

Компания мұнда GPON технологиясын қолданып, оптикалық талшықты тікелей әр үйге дейін жеткізген. «Қазақтелекомның» түсіндіруінше, бұл бірнеше құрылғы қатар қосылғанда да интернеттің жылдам әрі тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

«Біз үшін жаңа үйлерге көшіп жатқан отбасылардың байланыс қызметтерін бірден пайдалана алуы маңызды болды. Сондықтан “Болашақтағы” телекоммуникациялық инфрақұрылымды тұрғындар қоныстанғанға дейін дайындадық. Оптикалық желі шағынаудандағы 100 үйдің барлығын қамтиды. Тұрғындар жаңа үйге көшкен алғашқы күннен бастап интернетті жұмысқа, оқуға, жақындарымен байланысуға және күнделікті шаруаларын шешуге пайдалана алады», – деді «Қазақтелеком» АҚ Бөлшек бизнес дивизионы Батыс өңірінің коммерциялық қызмет жөніндегі өңірлік директоры Таңшолпан Құрманғазиева.

Осылайша, қоныстанушылар байланыс желісінің тартылуын күтпейді. Компания интернеттің қолжетімді болуы әсіресе жаңа оқу жылы басталғанда балалары бар отбасылар үшін маңызды екенін атап өтті.

Бұл жоба «Қазақтелекомның» Атырау облысындағы оптикалық желіні кеңейту жұмыстары аясында іске асқан. 2026 жылдың басынан бері өңірдегі 40 көпқабатты үйде де жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігі жасалған. Оларда барлығы 4 741 үй шаруашылығы бар.

Компания бұрыннан қоныстанған тұрғын аудандар мен жаңадан салынып жатқан нысандарда желіні кеңейтуді жалғастырып жатыр. Мақсаты – жаңа үйлер пайдалануға берілген сәтте тұрғындардың интернетке бірден қосылуына жағдай жасау.

Войдите, чтобы оставить комментарий