Құмар Ақсақалов басқарып отырған облыста бюджет тиімсіз жұмсалған
Қостанай облысында мемлекет ресурстарын пайдалануда жүйелі кемшіліктер мен ірі қаржылық бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Жоғары аудиторлық палата өңірдегі мемлекеттік аудиттің қорытындысын жариялап, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің тұрақсыз екенін мәлімдеді. Тексеру барысында жергілікті биліктің басқару мен жоспарлау ісінде жіберген олқылықтары ашылды.
• Өңірде бюджет кірісі соңғы төрт жылда 75 пайызға өскенімен, облыстың меншікті табысы небәрі 7 пайызға ғана ұлғайған. Қаржыны жоспарлаудағы қателіктер салдарынан бюджетте 19 млрд теңге бос қалдық тұрса да, жергілікті атқарушы органдар тағы 30 млрд теңге қарыз алған.
• Сонымен қатар инвестиция тарту жұмыстары да баяу жүріп жатыр. Құны 188 млрд теңге болатын 8 ірі жобаның алтауы әлі іске қосылмағандықтан, оларды пайдалануға беру мерзімі 2025 жылға шегерілді.
• Инфрақұрылым нысандарының құрылысында жобалау құжаттары сапасыз әзірленіп, соның кесірінен кейбір ғимараттар әлі күнге дейін бос тұр немесе қайта жөндеуді қажет етеді.
• Кәсіпкерлерді қолдауға бөлінген 11 млрд теңге де өз жемісін бермеген. Мемлекеттен көмек алған 352 кәсіпкердің тең жартысы жұмысын тоқтатса, қалғандары жаңа жұмыс орындарын құру міндеттемесін орындамаған. Аудиторлар бұл жағдайды мемлекеттік қолдау шараларына мониторингтің дұрыс жүргізілмеуімен және жеке бизнесті жасырын субсидиялаумен байланыстырады.
• Жол сапасы мен агроөнеркәсіп кешенінде де мәселелер жетіп артылады. Тексерілген 12 нысанда асфальттың шөгуі мен бұзылуы сияқты ақаулар анықталып, жол құрылысына бақылаудың әлсіз екені белгілі болды.
• Ауыл шаруашылығы саласына жыл сайын көмек берілгенімен, 2022 жылдан бастап өнім шығару көлемі төмендеп, мал басы азая бастаған.
• Мемлекеттік сатып алу саласында 12 млрд теңгенің бұзушылығы тіркелді. Конкурстарға талапқа сай емес компаниялар жіберіліп, сатып алудың «ерекше тәртібі» мен бір көзден алу әдісі негізсіз қолданылған. Әсіресе медицина саласындағы жабдықтардың бағасын қолдан өсіру деректері көп. Дәрігерлік амбулаторияларға арналған құрылғылар нарықтағы бағадан 18–46 есе қымбат көрсетіліп, бюджетке 200 млн теңге шығын келген.
Аудит қорытындысы бойынша барлығы 51 млрд теңгеге қаржылық бұзушылық және 50 млрд теңгеге бюджетті тиімсіз жоспарлау деректері анықталды. Қазіргі уақытта 52 факт бойынша әкімшілік іс қозғау үшін тиісті материалдар жіберілді.
Айта кету керек, осы облыстағы медициналық құрылғыларды қымбат бағамен сатып алу ісіне қатысы бар деген күдікпен Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина, денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Жандаев пен оның орынбасары Ерболат Доспанов, сондай–ақ аудандық аурухананың бас дәрігері мен құрылғыларды жеткізуші кәсіпкер ұсталған болатын.
Соңғы жаңалықтар