Қостанай облысы әкімінің орынбасары ұсталғаны расталды

14.02.2026 10:46 Арман Ермеков
Қостанай облысы әкімінің орынбасары ұсталғаны расталды
238
Фото: gov.kz

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина ұсталғаны расталды, шенеунікке қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Гүлбарам Мұсағазинаның 11 ақпан күні Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан ұсталып, уақытша изоляторға қамалғаны туралы бейресми ақпарат тараған болатын. Қазіргі уақытта құзырлы органдар оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын ресми түрде растады.

«Костанайские Новости» басылымының дерегінше, Гүлбарам Мұсағазинаға ҚР Қылмыстық кодекстің 362-бабының 3 және 4-бөліктері бойынша билігін немесе лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Сот кабинетінде істің Қостанай тергеу сотына түскені туралы белгілі болды, Мұсағазинаға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Бұл бап бойынша шенеунік кінәлі деп танылса, мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырыла отырып, бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Мұсағазинаның есімі өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы жемқорлық дауымен байланысты аталып жүр. Қазіргі уақытта емханалар мен ауруханаларға медициналық жабдықтарды сатып алу кезіндегі жемқорлық күдігімен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Жандаев, оның орынбасары Ерболат Доспанов және Қарасу аудандық ауруханасының бас дәрігері Владимир Голубев те тергеліп жатыр.

Еске салайық, 2025 жылдың соңында Гүлбарам Мұсағазина бюджетке 2 миллиард теңгеден астам шығын келтірілген медициналық құрылғыларды қымбат бағамен сатып алу ісіне қатысы бар деп айыптаған блогер Николай Гиньятовты сотқа беріп жеңіп шыққан еді.

Гүлбарам Мұсағазина 2024 жылдың шілдесіне дейін Қостанай облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасын басқарып, кейін әкімнің орынбасары қызметіне тағайындалған болатын. Әзірге әкімдіктің ресми сайтында оның жеке парақшасы өзгеріссіз тұр. Осыған қарағанда шенеунік әлі жұмыстан босатылмаған болуы мүмкін.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий