Құралай ханым: Әкем жақта 50-ге жеткен ер адам жоқ

03.09.2026 21:38 Томирис САҒЫНДЫҚ
Құралай ханым: Әкем жақта 50-ге жеткен ер адам жоқ
196
Фото: instagram.com/quralai_hanum/

Құралай Ошақбаева бауыры қайтыс болғаннан кейінгі басынан өткерген ауыр психологиялық кезеңі, тектану іліміне деген көзқарасының өзгеруі және шетелдегі оңалту кезеңі туралы ашық айтты. Психолог отбасылық қайғыдан соң қоғамнан оқшауланып, ішкі күйзелісті қалай еңсергенін баяндап берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында әңгімеледі.

Шоу-бизнес пен психология саласында танылған Құралай Ошақбаева отбасындағы ер адамдардың ерте қайтыс болу себебін іздеп, тектану ілімін терең зерттегенін жеткізді. Алайда бауырынан айырылғаннан кейін бұл білімге деген сенімі шайқалып, ауыр күйзеліске түскен.

«Мен осы орыстардан Берт Хеллингер — герман психологының тектануын көп оқыдым. Тектегі бір нәрселер... Сонда біздің өзіміздің әкем жағынан 50-ге жеткен ер адам жоқ, ерте қайтыс болады. Содан ең бірінші іштегі ойым, сол тектануды оқыған кезде, «атадан балаға өтіп кететін» деген болды. Сонда бауырларым болған соң, бауырларымның ұзақ жасағанын қатты қаладым. Көп оқыдым, көп білім алдым. Сол тектанудан көп сабақ алдым. Сол кездерде бауырым қайтқанда маған ол үлкен бір стресс болды. «Оқып жатқанымның бәрі өтірік, ештеңе болмайды» деген сияқты, Аллаға келтірді. Сонда, көрдіңіз бе, менің ойымда «тектануға сену, өзіме сену» болып кетті ғой. «Мен мынаның бәрін дұрыстап қоямын, мен осы тегімдегі ақ жауынгермін, мен-мендік» болып кетті. «Мен білім аламын, мен бәрін тазалаймын, тектегі қарғыс болсын, қиындық болсын, мен жөндеймін» деген сияқты мен-мендік болып кетті деп ойлаймын қазір», — деді Құралай Ошақбаева.

Бауырының мезгілсіз қазасынан кейін ол ортадан алшақтап, әлеуметтік желілер мен чаттардан толықтай шығып кеткенін баяндады. Бұл күйзелісті жеңу үшін ол Испанияға, оқуға түскен қызының жанына барып, өзімен жұмыс істеуге бел байлайды.

«Сол кезде менде қатты стресс болды, өкпелеп қалдым. Құдайға ренжіп қалдым, өзіме ренжіп қалдым, сол оқытқан ұстаздарыма ренжіп қалдым, «бәрі өтірік» деген бір реніш пайда болды. Ешкімді көргім келмейді. Сол кездерде бүкіл әнші, жұлдыз, чаттар, құрбылар, кластастар — бәрінің топтарынан шығып, ешкімді көргім келмей, үйде тек бала-шағаммен, отбасыммен қалдым. Содан кейін үшінші қызым Испанияға, Барселонаға оқуға түсті. Сосын сол жақта көп сабақ алдым. Сол жерлерде кәдімгідей тәлімгерлерден сабақ алдым. Сосын көп жүрдім. Бұрынғы жинаған өзімнің бір тәжірибем бар ғой, соның бәрін өзіме, жаңағыдай, «40 күн дұға оқу» деген сияқты, 20 километрден жүрдім. Табаным тесілгенше, тырнақтарым түскенше, таңертең тұрып, ағылшын оқимын, ағылшын сабағыма барып келемін де, содан кейін теңізге дейін жүремін. Бізде «адам қайтыс болған кезде жылама, суға кетіп қалады» деп, енді басу айта ма, үлкен кісілер жылатпайды ғой... Бауырым қайтыс болған кезде де қатты стресс болғанмын ғой, «қалай бұл?» деп, жас адам... Сол кезде жылай алмағанмын. 45 жаста еді. Сол кезде, жаңағы, үйден шығамын да, еңіреп жылап бара жатамын», — деді психолог.

Барселонада болған кезінде ол көшеде еркін жылап, іштегі өкініші мен қайғысын сыртқа шығару арқылы өзін оңалтқанын айтады. Бұл кезеңде отбасы да қолдау білдіріп, балаларға қарасуға көмектескен.

«Барселонаның өзіне 30 миллион турист келеді, мына біздің базарлар сияқты, адамдар былай өтетін... Өзімше қаланың орталығына тұрып алғанмын. Сонда үйден шығып, еңіреп, тіпті даусым да шығып кетеді. Ешбір адам бұрылып қарамайды, енді еуропалықтар өзі сондай ғой. Сөйтіп теңізге дейін 10 километр, қайтқанша 10 километр жылап барып, жылап келемін. Теңізге түсемін, қайтадан сабағымды оқимын. Сөйтіп өзіме бір 4 ай, 6 ай сол қызымның жанында өзіме келуіме... Жолдасым да, енем де екеуі де қалған үш баланы қарады. Инстаграмды жаптым. Толығымен өзіме көңіл бөлдім», — деді Құралай Ошақбаева.

Сөз соңында Құралай Ошақбаева бала кезінен бастап үнемі көпшіліктің ортасында жүргенін, ал бұл оқиға оның өмірінде тұңғыш рет тек өзіне уақыт бөлуіне себеп болғанын атап өтті.

«Өзіммен өзім қалдым. Мен өзі туылғалы өзіммен өзім қалмаған екенмін. Өзімде енді төрт бауырым бар, үлкен отбасыда, апамның қаншама немерелері бар. Менде әрдайым қасымда... Тіпті каникул кездерінде, студент кездің өзінде жұмыс жасағанмын. Папам қайтыс болғаннан кейін біз қалаға мамаммен көшіп келдік, бүкіл туған-туысқандармен тұратын болдық...», — деді психолог.

Войдите, чтобы оставить комментарий