Оралда 10 жасар оқушыны тоқ соғып, көз жұмды
Орал қаласына қарасты Круглоозерное ауылында 10 жастағы мектеп оқушысы электр подстанциясына кіріп, қайғылы оқиға салдарынан көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.
Қайғылы жағдай 1 қыркүйек күні кешкі уақытта болған. Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті оқиғаны растады. Ведомство мәліметінше, бала биіктіктен құлап, алған жарақаттары салдарынан оқиға орнында қайтыс болған.
«Оқиға бойынша қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталуда», – деп хабарлады полиция.
Марқұм бала жергілікті мектептің бесінші сыныбында оқыған. Оның сыныптастарының ата-аналары баланы ашық мінезді, белсенді әрі ізденімпаз оқушы ретінде еске алды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бала сол күні достарымен бірге жүрген. Алайда оның қашан подстанция аумағына кіріп кеткенін ешкім байқамаған.
Ауыл тұрғындары нысанның қоршаусыз тұрғанын және есіктері кей кездері ашық болғанын айтып отыр. Олардың сөзінше, балалар подстанция маңында жиі ойнаған.
3 қыркүйекте марқұм баланы жақындары мен ауыл тұрғындары ақтық сапарға шығарып салды.
Қазір полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Соңғы жаңалықтар