"Қылғындырып, шашымнан жұлды": Алматыда прокурор мен полицейдің қыздары қатарласын аяусыз сабады деп айыпталуда

25.05.2026 15:12 Абзал БАХЫТЖАНОВ
626
Фото: Бейнеден алынған кадр

Алматыдағы Қонаев атындағы университеттің жатақханасында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қыздары 17 жастағы студентті жабылып сабады деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Politico.kz.

Жәбірленуші Азель Дарханның мәлімдеуінше, 2025 жылдың 17 желтоқсанында оны бір бөлмеге алдап шақырып, сол жерде топ болып күш көрсеткен.

«Базарбекова ұзақ уақыт бойы ұрып-соғып, қылғындырып, шашымнан жұлды әрі қорлап кешірім сұрауға мәжбүрледі», – деді Азель Дархан.

Бойжеткеннің сөзіне қарағанда, оқиға кезінде есік іштен ұсталып, барлығы видеоға түсірілгендіктен, ол көмек шақырып қашып шыға алмаған. Жанжал тек басқа адамдар мен жатақхана қызметкерлері келгеннен кейін тоқтап, ауыр соққы алып, шок жағдайында болған студент бірден жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген.

Әлеуметтік желіде жанжалға қатысқан қыздардың бірі Абай облысындағы прокуратура қызметкерінің, ал екіншісі Атырау облысындағы полиция қызметкерінің баласы екені жазылды. Қонаев атындағы университет бұл ақпаратты растап, қос студенттің ата-анасы құқық қорғау органдарында жұмыс істейтінін атап өтті. Жоғары оқу орны қызметтік тексеріс жүргізіп, кінәлілерді тәртіптік жауапкершілікке тартқанын хабарлады.

Алайда полиция бұл жағдайды екіжақты төбелес ретінде қарастырған, өйткені жанжал барысында екі тарап та түрлі дене жарақаттарын алған. Қылмыстық кодекстің денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бабы бойынша тергеу аяқталып, сот үкімімен кінәлі студенттердің бірі қоғамдық жұмыстарға тартылды, сондай-ақ екінші қатысушыға қатысты да қылмыстық іс қозғалған.

Войдите, чтобы оставить комментарий